Қазақстандық бітімгерлер дербес миссияға кірісті
Қазақстандық бітімгерлер Голан биіктіктеріндегі дербес миссияға кірісті.
Осыған орай Фауар бітімгерлік базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының туын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Айта кету керек, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға алғаш рет бітімгершілік миссиясын өз бетінше өрістетуге және орындауға мандат берді. Біздің контингент құрамында 139 әскери қызметші бар. Олар бір жыл бойы жергілікті жерді патрульдеумен, блокпосттарды күшейтумен және БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес басқа да міндеттерді орындайды.
Жігер Аипов, ҚР Ұлттық бітімгершілік контингентінің голан биіктіктеріндегі командирі, подполковник:
- БҰҰ туын тапсырған сәттен бастап біздің бөлімше Голан биіктіктеріндегі миссияның толыққанды қатысушысы болды. Енді біз тапсырма бойынша жүктелген міндеттерді орындауға кірісеміз.