Қазақстан азаматтары Өзбекстанда тіркеусіз бір ай жүре алады

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары қос мемлекеттің аумағында уақытша тіркеусіз 30 күн бола алады.

Бұған дейін, рұқсат етілген мерзім 5 күннен аспауға тиіс еді. Сенат, бүгін тиісті құжатты мақұлдады. Сонымен қатар, енді, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары шекарадан өткен кезінен, күнтізбелік 30 күнге дейін уақытша тіркеуге рұқсат рәсімдемей-ақ, екінші мемлекет аумағынан транзитпен өтіп, жүріп-тұра алады.

30 күннен асқан жағдайда, сол елдің құзіретті органынан уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Мәселен, жұмыс істеу, емделу, оқу, кәсіпкерлік қызмет жүргізу оған негіз бола алады.

Айта кетейік, бүгінде Өзбекстан азаматтары елімізге келу саны жағынан, өзге көрші мемлекеттерге қарағанда көш бастап тұр.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:

- Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасында берік бауырластық қарым-қатынас қалыптасқан. Елдеріміз қол қойған мәңгілік достық туралы және одақтастық туралы шарттар соның айқын дәлелі. Бүгін қаралған хаттама екі ел азаматтарына өзара сапарларын жүзеге асыруда қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар орнатуды көздейді. Жалпы, мақұлданған заң тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Жыл басынан бері елімізге 1 млн 73 мың Өзбекстан азаматы келді. Бұл бағыт көш бастап тұр. Өйткені, былтыр 5 млн 396 мың өзбекстан азаматы Қазақстанға келіп, 5 млн 373 мыңы елден шыққан. Сондай-ақ былтыр 411 мың азаматты уақытша тіркеуге тұрғыздық. Оның 376 мыңы жұмыс істеу мақсатында келгендер.