Боаодағы басқосу: Азия әлеуеті
Әлемдегі геосаяси ахуал құбылып тұр.
Сауда мен серіктестіктен де сенім кетті, содан жаһан экономикасы өзгеріске мұқтаж. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда өткен Боао Азия форумына қатысып, осы сын-тегеурінге жауап ретінде 6 бастама ұсынды. Сондай-ақ, экономикаға жаңа парадигма, әділдік пен ашықтың қағидаттарына негізделген жаңа көпжақты сауда жүйесін құру керектігін айтты. Бұл іске жұмыла кірсу қажет, Қазақстан да өз үлесін қосуға дайын.
Бекзат Аманов, тілші:
- Боао - жаһан жұртына тұмса табиғатымен танылған туристік арал. Тұрғыны аз болса да, шағын шаһардан адам аяғы үзілмейді. Саяхатшылардың қалың нөпірі тоқтаусыз ағылып жатады. Әдетте, мұнда туристер тәнге шипа, жанға ем табу үшін келеді. Алайда қазір қала экономикаға дем табу үшін жиналған саясаткерге толы. 30 мемлекеттің лауазымды тұлғалары дәл осы ғимарат ішінде маңызды түйіткілдерді талқылады. Келелі кеңеске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Дәстүрлі форумда негізінен аймақ экономикасы талқыланады. Экология мен ғылыми инновацияға да басымдық беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев осы отырыстың мәртебелі мейманы болды.
Енді Боаодағы басқосуға тоқталсақ. Қазір әлемде геосаяси ахуал тұрақсыз. Есесіне Азияның әлеуеті еселеп өсіп келеді. Сандарды сөйлетсек, биыл құрлықтағы елдер әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам бар. Дүниежүзілік сауданың 53 проценті осы мемлекеттердің үлесінде. Аймақта патенттік әзірлемелердің 70 пайызына иелік ететін әлемнің жетекші технологиялық орталығы бар. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і дәл осы Азияда орналасқан.
Азия әлеуеті
Дүниежүзілік сауда – 53%
Патенттік әзірлеме – 70 %
Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і [осы құрлыққа тиесілі]
Мемлекет басшысы бұл құбылысты «Азия ренессансы» деп атады. Қысқасы, әлемде саясат та, сауда да теңселіп тұр. Жағдайды біз, яғни, Азия мемлекеттері түзей алады. Президент дамудың жаңа парадигмасы керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаһандық экономикаға дамудың жаңа парадигмасы керек екені анық. Бұл мәселені шеше алмасақ, таяу онжылдықтағы мүмкіндіктер қолымыздан сусып кетуі әбден ықтимал. Алдағы жылдары жаһандық өсім мен дамуды ынталандыру ісін жалғастыру үшін Азия өңірінің мол әлеуеті бар. Осы ретте Боао форумы жалпыға ортақ экономикалық прогреске қол жеткізу жолындағы Азиялық инновациялық тәсілдің іске асқанын анық көрсетеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірімен шетелдік саясаткерлер де келіседі. БАФ Директорлар кеңесінің төрағасы Пан Ги Мун жағдайдың күрделі екенін айтып, қателіктен сабақ алуға шақырды.
Пан Ги Мун, БАФ директорлар кеңесінің төрағасы:
- Біз қателіктен сабақ алуымыз керек. Өткен шақтағы ауыр естеліктерді қайталамауға тиіспіз. Жалғыз жол – сенімді серіктестік. Жан-жақтылық және ашық әлемдік экономика. Өкінішке қарай, барлығы бірдей қателіктен сабақ алып жатқан жоқ. Қазір геосаясаттағы тұрақсыздық пен тәуекелді ғана көріп отырмыз.
Расымен, әлемдік саудаға сенім, серіктестікке серпіліс қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев фискальды және ақша-несие жүйесін жетілдіріп, қаржы ағындарын кеңейтуді ұсынды. Бұл - нарықтық және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруға ықпал етеді. Қысқасы, жаһан әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңа әрі көпжақты сауда жүйесіне мұқтаж.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде сауда кедергілерінің көбеюі, протекционизм мен келісімдердің бұзылуы жаһандық экономикаға айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Бұл түйткілдерді шешу үшін әділетсіз сауда кедергілерін жойып, цифрландыру арқылы жеткізу тізбегінің ашықтығын арттыру қажет. Әлемдік қаржы жүйесіне де жаңа тәсілдер қолдану керек. Қаржы жүйесінде тек таңдаулылар ғана пайдаға кенелмей, барлық елге тең мүмкіндік берілуге тиіс.
Жаһанның күн тәртібінен түспеген тағы бір өзекті мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Дүниежүзі тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігі тамақтан тарығып отыр. Қазақстан бұл мәселені шешуге көмектесе алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азияда бидай өндіру бойынша жетекші ел саналатын Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті. Біз мақсатты бағдарламалар жасау, бірлескен агроинновациялық орталықтар құру және инновациялық технологиялар трансферті арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Ол үшін күш жұмылдыруымыз керек.
Азияның қайта өрлеу кезеңі – Қазақстан үшін де маңызды. Біздің ел батыс пен Шығысты байланыстыратын көпір бола алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қолданыстағы және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз.
Көлік-транзит – Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін күшейтетін бірден бір сала. Сарапшылар осылай дейді. Бізге батыс пен Шығысты байланыстыру таңсық емес.
Тұрсынхан Зәкенұлы, тарихшы:
- Біз батыс пен шығыстың арасындағы тарихи рөлімізді қайтадан сәулелендіретін уақыт жетті. Бұдан Қазақстан не ұтады? Бұдан біз елімізді әлемдік аренаға экономикалық жағынан да, мәдениет жағынан да шығарамыз. Еліміздің бет-бейнесін көтереміз, бірінші кезекте потенциалын шығарамыз.
Жаһандық экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету үшін технологиялық ынтымақтастықты нығайту да маңызды. Президент Қытайдың «Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық бастамасын» қолдады. Сондай-ақ Қазақстан бірлескен инновациялық IT-жобаларды жүзеге асыру үшін Азияның жетекші технологиялық алпауыттарымен серіктестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді. Тағы бір преспективті бағыт – шикізаттың аса маңызды түрлерін өндіру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сирек кездесетін металдар көптеген технология үшін аса маңызды компонентке айналды. Олар өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз.
Тиімді серіктестіктің үлгісі ретінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасын айтуға болады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Былтыр тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев өзге мемлекеттерді де ынтымаққа шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз.
Бекзат Аманов, тілші:
- Азия халқында «қант құрағы қабаттаса өседі» деген тәмсіл бар. Қазақ мұндайды «бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Боао Азия форумының да түпкі мақсаты – осы. Кедергілерді кеңесе, келісе отырып шешу. Мемлекет басшысының ұстамды ұсыныстарын халықаралық қауымдастық жоғары бағалады. Айтпақшы, президент жиын қонақтарын маусымда өтетін Астана халықаралық форумына шақырды. Себебі, мұндай диалог алаңдарының берері мол.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Дулат Ентебеков