ШЫҰ қызметін жетілдіру процесі басталды
Өңірлік қақтығыстар мен халықаралық терроризм, климаттың өзгеруі мен азық-түлік тапшылығы.
Адамзат алдындағы жаһандық сын-қатерлерге Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер тізе қосып, қарсы тұруы керек. Биыл Қазақ елі ұйымға төрағалық етеді. Алдағы Астана саммиті қарсаңында елордада ұйымға мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі өтті.
Заман өзгергенмен адамзат қатыгездік пен астамшыл пиғылдан арыла алмай келеді. Өткен жылы әлемде 183 қақтығыс болған. Бұл – соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар мұндай қантөгістер жаһандық сипат алып келеді деп алаңдайды. Осы ретте халықаралық терроризмнен де төнетін қауіп күшейді. Жүздеген бейбіт тұрғынның өмірін жалмаған Мәскеудегі қайғылы оқиға осыған дәлел. Бұл жайт лаңкестердің зорлық-зомбылықтың ең қатігез әрі зұлым тәсілдерін қолданатынын көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті бүкіл әлем, соның ішінде бүгін өздеріңіз өкілі ретінде келіп отырған елдер де қатаң айыптады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі кінәлілердің бәрін жауапқа тарту қажет екенін, сондай-ақ терроризммен күрес мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ең бастысы, болған істен дұрыс қорытынды шығарып, нақты шаралар қабылдау керек. Азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, террорлық қауіп-қатерлерге лайықты төтеп беруге тиіспіз.
Мемлекет басшысы мұндай зұлымдықпен күресі үшін ұйым елдері батыл шаралар қабылдау керектігін айтты. Түптеп келгенде, Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзі өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылған-ды. Сырттан төнген қауіпті тойтару үшін Президент терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде мұндай қатерлердің сейілмегені өз алдына, олар түрленіп, бұрынғыдан бетер қауіпті бола түсті. Өз кезегінде, біздің тарапымыздан анағұрлым жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. «Үш зұлым күшке», сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқауіпсіздік сын-қатерлеріне қарсы күрес Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңіндегі ең басты басымдықтардың бірі саналады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы жер шары халқының шамамен жартысын қамтиды. Әлемдік экономиканың төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы осы ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне тиесілі. Мақсат - бірлестіктің беделін арттырып, жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің біріне айналу. Бүгінде Қазақстанның ұсынысымен ұйымның қызметін жетілдіру процесі басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өкінішке қарай, әлемдегі жағдай жақын арада жақсара қоймайтын сияқты. Елдеріміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін сын-қатер әлі де бар десек, артық айтқандық емес. Бұл мемлекеттеріміздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірігуі қажет екенін көрсетеді. Сол арқылы сырттан келетін барлық қауіпті тойтаруға және жоюға бағытталған бірлескен күш-жігер мен нақты шаралар қабылдаймыз. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметі басты назарымызда.
Ұйымның әлеуетін өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің пәрменді құралы ретінде пайдалану керек. Бұл мақсатқа жету үшін қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесулері маңызды рөл атқарады.
Николай Патрушев, РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:
- Қазақстан тұрағалығының басты оқиғасы болатын Астанадағы саммите мемлекеттер басшылары ұйымды нығайту мен жетілдірудің басым бағыттарын анықтайтын болады. Сондай-ақ, саясат, экономика және гуманитарлық саладағы ынтымақтастығымызды арттырудың жолдары пысықталады.
Сяохун Ван, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі:
- Қазақстан ұйым төрағалығын қабылдай отырып, бірқатар ауқымды іс-шараларды өткізді, осылайша оның дамуына үлкен үлес қосты. Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының жиыны біздің алдымызда тұрған мәселелерді пысықтап, олардың шешу жолдарын анықтауға көмектеседі.
Әлбетте әлем лаңкестерден ғана зардап шегіп жатқан жоқ. Климаттың өзгеруі, азық-түлік пен су тапшылығы адамзат алдындағы үлкен сын-қатерге айналды. "Шанхай ынтымақтастық ұйымының» осынау жаһандық құбылыстарды реттеудегі үлесі зор болары анық. Бұл ретте Президент «шанхай рухын» күшейтуге шақырды.
Авторы: Қуандық Танабас