Тасқынға тосқауыл: Президент зардап шеккендермен кездесті

www.akorda.kz

Мемлекет су тасқынынан зардап шеккендердің шығынан өтеуге көмектеседі.

Жағдайды жеке бағамдау үшін Батыс Қазақстан облысына барған Президент тұрғындармен кездесіп, қаржылық қолдау болатынын айтты. Сондай-ақ өңірдегі жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екеніне тоқталып, жеке штаб отырысын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай көлемді тасқын бұрын-соңды болмаған. 1994 жылы осыған ұқсас жағдай болыпты, алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды. Аймақтағы ахуал қалай? Тұрғындар Президентке нені баяндады?

Президент борты Орал әуежайына қона салысымен Қасым-Жомарт Тоқаев тікұшаққа беттеді. Аймақтағы ахуалды уақыт жоғалтпай барлап, бағамдағысы келсе керек. Себебі қарғын судан келер қауіп сейілмей тұр. Ауылды шаймақ түгілі үйлерді қиратып, көпірлерді бұзып жатыр

«Қызыл су бір мезетте қапы қалдырды». Куәгерлер осылай деп, аман қалғанына тәубе етеді. Қаратөбе ауданы табиғат апатына өткен аптада тап болды. Жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерге қайық немесе тікұшақтың көмегімен жеткізілді.

Қуанышқали Қайрекен, Аққозы ауылының тұрғыны:

- Су 27-сі күні сағат 10-дарда қатты келді. Қатты келіп, үйді су шайды. Ішіне кәдімгі. 40 сантиметр үйдің ішіне су кірді. Бала-шаға, немеремізді терезеден алып шықтық. Машинаның ішінде балаларды ұстап отырдық, қайық келген. Кейін қайық келіп, мектепке жинады. Бәрімізді. Тоңазытқыш, бәрі суға кетті ішіндегі. Төсектер де суға. Пеш құлап, қара күйе басып кеткен үйдің үстін. Екі пеш құлады.

Бекзат Аманов, тілші:

- Осы Қалдықайты өзенінің екі жағын 22 ауыл жағалай қоныстанған. Мұнда әдетте жазда су таяз, жаяу кешіп өтуге болады. Ал қыста судың арнасы толады. Алайда биыл жағдай тым күрделі. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана тасқынға төтеп бере алмай, артымда тұрған өткен қирады. Осылайша, жағаның арғы бетіндегі 8 ауылмен байланыс үзілді. Қазір ол жақтағы тұрғындарға тек тікұшақпен ғана көмек көрсетіліп жатыр.

Рауан Қашқынбаев, облыстық ТЖД №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

- Адамдарды өткіземіз, керек-жарақ, тамақтары бар. Оның ішінде жанар-жағармай бар, дәрі-дәрмек бар. 2-сі күні таңнан бастап 200-ден астам ересек адам мен 35 кішкентай балалар өткізілді.

Ал үйі қирап, далада қалған 182 тұрғын аудан орталығындағы эвакуациялық орталыққа орналасты. Олар: «мұндағы жағдайда қарын тоқ, көйлек көк», – дейді. Десе де болған жағдайға қынжылады.

Бибігүл Райымова, Қоржын ауылының тұрғыны:

- Үйіміз құлап жатыр бәрі. Енді артының қайырымен. Қуаныштымыз, басшылар келіп, жан-жақтан кісілер келіп көмектесіп жатыр. Мың алғыс айтамыз. Осы жерге әкеліп, егер түнде тасыса, судың астында қаламыз. 1 адам шыға алмай қаламыз. Бізде баспана ғой енді. Есіңе түскенде өз үйің өз төсегің дегендей.

Өңір бойынша көшірілген тұрғынның саны 7 мыңға жуық. Басым бөлігі баспанасын базыналап жүр. Қамкөңіл болған қалың қараша бүгін талап-тілегін Президентке жеке айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев шығынды өтеу үшін мемлекет барлық шараны қабылдайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады.

Тұрғындар Мемлекет басшысына жағдайдың жай-жапсарын бүкпесіз баяндап берді.

Заттарымызды алып үлгере алмай қалдық, малымыз қалды қорада. Ауылда қалған азаматтардың бәрі қауіпсіз орынға көшірілді. Халық аман. Қазақ елі аман болсын деп айтқым келеді. Қош келдіңіз.

Сондай-ақ жергілікті халық өзге де өтініштерін жіпке тізді. Атап айтқанда, өзендерге көпір салып, бөгеттерді жаңғыртуды сұрады. Тұрғындардың тілегі жерде қалмады, Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берілетінін жеткізді.

Жұмыс сапары барысында Президент су басқан аумақтарды да аралады. Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарының жағдайымен танысты. Мұнда 6 аудан мен Орал қаласын су басқан. 552 тұрғын үй мен 427 саяжай теліміне зиян келді. Тасқынға тосқын болу үшін 2 мыңға жуық маман, 300-ден аса техника және 101 мотопомпа жұмылдырылды. Тағы бір тікұшақ әуеден көмектеседі.

Ал зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінген. Әрине, бұл шығынды өтеудің алғышарты ғана. Қазіргі басты міндет – қауіпті сейілту. Осы орайда мамандар су айдап, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршап жатыр. Бұл іске жергілікті тұрғындар да атсалысып жатыр. Олар екі ауысымға бөлінген. Жәрдем үшін сырттан келгендер де бар.

Азамат Әбдірахманов, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

- Өздерің көріп тұрғандай, осы халықтың ісі – бәрі. Жан-жақтан келіп жатқаны бар енді. Біздер енді кім келіп жатқанын нақты білмейміз ғой, бірақ әйтеуір келіп көмектесіп жатыр жан-жақтан. Жоқ деп айта алмаймыз оны.

Жауаптылар да қарап жатқан жоқ. Бірақ тасқынға төтеп беру үшін жасалған амалдар көмек берер емес. Осыған орай Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайға байланысты жедел штабтың отырысын өткізді. Қайта қалпына келтіруді қолға алудың маңызына тоқталып, халықтың қалауын ескеруісіз қалдырмады. Іле-шала Үкіметке тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті. Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын.

Батыстың ауа райы қолайсыз болады, синоптиктер осындай болжам жасады. Демек су тасқыны ушығуы мүмкін. Президент мұндайға да дайын болу керектігін айтып, саланың кемшін тұстарын атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек.

Енді Үкімет қысқа мерзімде жаңа тұрғын үйлер салып, кейбірін жөндеуден өткізуге міндетті. Әлеуметтік инфрақұрылымды да тез арада қалпына келтіріп, азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын жіті бақылауға алуы тиіс. Апаат айтып келмейді бірақ қарғын су  – жылда қайталанатын құбылыс. Енді өткеннен сабақ алып, қорғаныс бөгеттері мен жаңа каналдар салынады. Ең бастысы, қар суы кәдеге жарауы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қар суы мол өзендердің арнасын реттеу үшін су қоймаларын салу маңызды. Соның арқасында көктем-жаз мезгілінде шаруашылық үшін қажетті су қорын сақтауға мүмкіндік болады. Табиғи және техногенді апаттардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылау жүргізу құқығын беру керек. Мұны заң жүзінде бекіту қажет.

Мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу де артық етпейді. Президент арнайы құжат қабылдап, төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтуды ұсынды.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ділмұрат Сейдаханов.