Қ. Тоқаев Хиуа қаласының тарихи орындарын аралады
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапары барысында Президент Шавкат Мирзиёевпен бірге ежелгі Хиуа шаһарының «Ишан-қала» қалашығына барды.
Тартхи шаһар - ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Орталық Азиядан енген алғашқы ескерткіш. Мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорығында 400-ге жуық тұрғын үй ғимараты, алпысқа тарта тарихи және сәулет ескерткіші бар. Мемлекеттер басшыларының қалашыққа экскурсиясы «Ата дарбаза» қақпасынан басталды. Мәртебелі мейманның құрметіне орай өзбек халқының ән-күйі шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды. Содан соң олар «Куня Арк» кешенін, Шерғазы хан медресесін, Мұхаммед әмин Инақ медресесін, Жұма мешітін және «Таш хаули» кешенін аралап көрді. Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Хиуаның ортағасырлық шайыры, ағартушы, сопы әрі ойшыл Палуан Махмұд кесенесіне зиярат жасап, оның рухына Құран бағыштады. Содан соң президенттер «Өзбек-қазақ суретшілерінің туындыларындағы халықтар бірлігі» бейнелеу өнері көрмесін, «XIX-XX ғасырларда түсірілген фотосуреттердегі Хорезм» көрмесін тамашалады.