Президенттің Арменияға ресми сапары
Қазақстан, Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбітшілік шартын толық құптайды.
Екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін, өз алаңымызды да ұсынуға дайынбыз. Бүгін Арменияға ресми сапармен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент осы елдің Премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесіп, сан саладағы әріптестікті нығайту жайын да талқылады. Қазақстан Арменияның Оңтүстік Кавказдағы көлік байланысын қайта жандандыруға ұмтылысын, жоғары бағалайтынын да жеткізді.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан мен Армения арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнаған болатын. 30 жылдан астам уақыт ішінде арада дорба емес жорға жүргізген жайымыз бар. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы едәуір артқан болатын. Ал Армения Қазақстанның Оңтсүтік Кавказдағы маңызды серіктестерінің біріне айналды. Былтыр Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесу барысында оны Арменияға ресми сапармен шақырған болатын. Сол шақыртуды қабыл алған мемлекет басшысы бүгін Армения жеріне келді.
Қазақстан мен Армения саяси аренада тығыз ықпалдастық еткенімен бұл Қазақстан Президентінің 2001 жылдан бергі алғашқы ресми сапары. Осы күнге дейін тараптар тек түрлі саммиттерде жолығып, екі жақты ынтымақтастық жайын талқылап жүрген. Ал бұл жолы тікелей байланыс орнап, әріптестік аясын кеңейту мәселелерін қараудың реті туып отыр. Маңызды сұрақтарды талқылау үшін ресми сапармен арнайы келген қазақ басшысын Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян өз резиденциясында бар сән-салтанатымен қарсы алып, ерекше қошемет көрсетті. Құрмет қарауыл ротасы сап түзеп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Бұдан соң тараптар делегация мүшелерін таныстырып, шағын құрамда келіссөз жүргізуге аттанды.
Тараптардың талқылайтын мәселелері жетерлік. Бүгінде екі ел арасында алыс беріс жаман емес. Соңғы бес жылда арадағы сауда-саттық 3,5 есе өскен. Ал былтыр тауар айналымы 23 пайызға артты. Көрсеткіш бұдан да жоғары болуы тиіс. Бұл сандар екі елдің әлеуетіне сәйкес келмейді. Бұған елдер арасындағы көліктік логистиканың қиындығы себеп.
Қазақстан-Армения арасындағы тауар айналымы
2019-2023 жж. – 3,5 есе
2023 жыл - 23%
Карен Иванов, Армения сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті:
- Қазақстанмен арадағы сауда-саттықты 2023 жылғыға қарағанда 5 есе арттыруға болады. Біздің сарапшылар екі ел арасындағы алыс берісті дамыту әлеуетін осылай бағалап отыр. Бұл үлкен сандар. Ол үшін ақпарат алмасу жағын дамытып, логистика мәселесін шешу керек. Ақпарат алмасу үшін жуырда екі елдің сауда-өнеркәсіптік палаталары тиісті меморандум жасасты. Енді осы құжаттың негізінде керекті мәліметтермен алмаса алатын боламыз.
Екі ел арасындағы байланыстардың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру үшін мол әлеует бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, дәл осы ресми сапар Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың маңызды кезеңіне жол ашады. Тараптар келіссөздерді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Реті келгенде қазақ басшысы Ереванға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Никол Пашинянға алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақ-армян әріптестігін жаңа деңгейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының терең тарихына, ежелгі мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз. Жалпы тарихи Ереванға сапар шегу біз үшін үлкен құрмет деп айтқым келеді. Барлық деңгейде саяси диалог, белсенді әрі сенімді түрде дамып келе жатыр. Екі елдің үкіметімен және парламенті арасында үйлесімді жұмыс жоғары қойылған. Біздің қарым-қатынасымыздың болашағы зор. Біз бұл мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Нақты келісімдерге, уағдаластықтарға қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Айта кету керек, бұл кездесу Қазақстан мен Арменияның Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай өтіп отыр. Осы ретте Армения премьер-министрі Никол Пашинян қазақ басшысы жасаған сапардың символдық мәні бар екеніне назар аударды. Өзара байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, қазақ-армян қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.
Никол Пашинян, Армения Премьер-Министрі:
- Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық. Соның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бердік. Сонымен қатар біз мәдени-гуманитарлық саланы да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Жалпы, бүгінгі қарастырылатын мәселелер – ауқымды және мазмұнды. Сіздің сапарыңыздың нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағытын дамытуды көздейтін нақты шешімдер қабылдайтынымызға сенімдімін.
Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қаржы, инновация, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жандандыру жайын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев армян тарапына бірқатар бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асыруды да ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл, әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы бағыттағы жұмыс Үкіметаралық комиссияның жіті бақылауында болады. Бұған қоса бизнес-миссиялардың барыс-келісін жандандыра түсуіміз керек. Бұл қадам Іскерлік кеңестің тез арада құрылуына ықпал етеді, екі елдің бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейтеді. Сондай-ақ инвестициялық қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.
Ерекше қаралған мәселелердің бірі - көлік-логистика бағыты болды. Қазір Армения өз тауарларын Ресейге Иран-Түркіменстан және Қазақстан арқылы тасымалдап жүр. Ал Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміз континенттің көлік-логистикасында маңызды рөл атқарады. Республикамызда 13 көліктік дәліз бар. Транзиттік әлеуетті арттыру үшін 10 трлн теңгеден астам инвестиция құйылған. Соның арқасында республикалық маңызы бар 13 мың шақырым тас жол төселіп, жөнделді. Тағы 2,5 мың шақырым жаңа темір жол желісі салынды.
Қазақстанның транзиттік әлеуеті
13 көліктік дәліз ( 5 темір жол және 8 автомобиль)
Инвестиция – ₸10 трлн
13 мың км автожол салынды және жөнделді
2,5 мың км темір жол желісі салынды
Былтыр еліміз арқылы өтетін транзиттік жүктің көлемі 32,3 млн тоннаға жетіп, 21 пайыздық өсімді көрсетті. Темір жол арқылы 297 млн тонна тауар тасымалданса, теңіз арқылы 7,2 млн тонна жүк діттеген жерге жеткізілген.
Қазақстанның транзиттік әлеуеті
2023 жылы жүк тасымалы – 32,3 млн тонна
Өсім - 21% Темір жол арқылы тасымал – 297 млн тонна
Өсім - 3%
Теңіз арқылы тасымал – 7,2 млн тонна
Өсім - 11%
«Бүгінде транскаспий халықаралық көліктік бағытының әлеуеті зор. Былтыр бұл маршрут арқылы тасымалданатын жүктердің көлемі 2,8 млн тоннаға дейін жеткен. Оның ішінде отандық өнім экспорты 2,5 есеге артқан. Қазір орта дәлізге Еуропа елдері де қызыға қарап отыр. Кейбірі бұл бағытпен қарқынды түрде жүк тасымалдауда. Осы ретте Еуразияның көліктік жүйесінде Оңтүстік Кавказдың да маңыздылығы арта түсті. Сондықтан Армения жариялаған «Бейбітшілік торабы» бастамасына оң көзқараспен қараймыз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл ретте құрметті Премьер-министр Никол Пашинянның «Бейбітшілік торабы» бастамасына оң көзқараспен қараймыз. Сонымен қатар біз екі елдің астанасы мен басқа да қалалары арасында тікелей әуе рейстерін ашу туралы бастаманы қолдадық. Агроөнеркәсіп саласындағы тауар түрін көбейту және оларды жеткізу мәселелерін талқыладық.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Түрікменстан арқылы Иранға барып, Ираннан Арменияға бару. Сонда біраз қиыншылықтар бар. Мысалы Түрікменстан аумағынан өту үшін виза қажет. Сол сияқты мәселелерді талқыладық. Ең бастысы көлік саласында Ашхабад келісім шарты бар. Болашақта осы Арменияны қоса отырып, басқа елдер келіскен жағдайда жаңа логистикалық бағыттарды қалыптастыруды көздеп отырмыз.
Әлемнің өзге елдері Қазақстанды бейбітшілікке құштар мемлекет ретінде таниды. Бүгінгі сапар барысында мемлекет басшысы еліміз Оңтүстік Кавказда бейбітшілікке қол жеткізуге өз үлесін қосуға дайын екенін мәлімдеді. Армения мен Әзербайжан арасында келіссөздер жүргізуге өз алаңын да ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту үдерісіне белсене атсалысуға келістік. Біз Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қолға алуға дайын. Яғни, екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады. Ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу.
Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Тағы екі елдің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Жалпы бүгінде Қазақстанда армян капиталы бар 400-ден астам кәсіпорын сәтті жұмыс істеп тұр. Енді осы сапардан кейін олардың қатары артып, бірлескен жобалар іске қосылады деген болжам бар. Оның ішінде цифрлық технологиялар, көлік және әуе қатынасы, турзим мен мәдени-гуманитарлық бағыттар бар. Бүгін тараптар осы салалар қамтылған ұзын-саны 11 маңызды құжатқа қол қойды.
Армения астанасы Ереваннан Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Ділмұрад Сейдаханов және Алмас Омарғалиев