«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбында ҚХА сессиясы өтті

«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу». Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы осындай тақырыпты арқау етті.

Тасқынға байланысты алқалы жиын онлайн форматта өтті. Президент сөзінде бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар екенін баса айтты. Бұған осындай қиын кезеңде көзіміз жетті. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жиында Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту бағытында өңір әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Ел бірлігін нығайтуды көздейтін сан қырлы жұмыстар қорытындыланып, жаңа міндеттер нақтыланды. 

Әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Мұндай келеңсіздік Қазақстанды да айналып өтпеді. Елдің жартысын 80 жылда болмаған тасқын су басты. Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Үйлер су астында қалып, жолдарды су шайып кетті. Мұның барлығын мемлекет қалпына келтіреді. Бірақ оған қыруар қаражат керек екені сөзсіз. Сол себепті Президент халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы тапсырма берген болатын. Ассамблеяның кезекті сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев қиын кезеңде халықтың бірлік пен ынтымақ танытқанын тағы бір мәрте айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады.

- Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын. Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық.

Ел басына күн туғанда халқымыз бірігіп, бір-біріне демеу болды. Қолдау көрсетті. Сын сағатта Қазақстан халқы Ассамблеясы да шет қалмады. Тасқын басталғаннан олар белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Қазір қарғын сумен күреске Ассамблеяның 12 мың волонтері жұмылдырылған. 1,5 мың тоннадан астам азық-түлік пен өзге де керек жарақтар жіберілді. 81 жүк көлігімен гуманитарлық көмек зардап шеккендерге жеткізілді. Оның жалпы сомасы 770 млн теңгеге жетеді.

Графика

тасқыннан зардап шеккендерге көмек

ҚХА волонтерлері – 12 мың адам

Азық-түлік пен өзге де керек заттар – 1,5 мың тонна

Гуманитарлық көмек – ₸770 млн

                                                         81 жүк көлігі

Астана

 

Расул Ахметов, "Ахыска" республикалық түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары:

- Гуманитарлық көмекті жинау, оны жеткізу, тапсыру осындай жұмыстарға белсенді атсалысып жатыр. Жұмыс әрі қарай жалғасады. Акциямыз Жүректен жүрекке деген ұранмен басталды. Әрине, алдағы жұмыстар әлі көп. Аймақтарға барып үйлер салынады. Сол жұмыстарға біздің жастар белсенді атсалысады.

Акбаржон Исмаилов, республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы:

- Су тасқыны басталысымен ғана емес, біз 2023 жылы 1,7 млрд теңге көлемінде гуманитарлық, қайырымдылық көмек көрсеттік. Өйткені Ассамблея және қайырымдылық егіз ұғым. Қайырымдылық біздің бірлігімізді бекемдейді. Сондықтан бұл қайырымдылықпен біз әрқашан айналысып келеміз және айналыса береміз де.

Бірлік пен ынтымақ еліміздің басты құндылығы. Солай болып қала береді. Табысқа жетудің де кілті осында. Сессия барысында Президент Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажеттігін айтты. Өйткені Ұлттық Құрылтайдың Атыраудағы отырысында жинақтап, жүйеленіп алған негізгі идеологиялық тұжырымдар, Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі – деді, Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Ұлттық құрылтайдан соң оның қорытындысы туралы қоғамдық талқылауды жіті бақылап отырдым. Сарапшылардың және ел ісіне бей-жай қарамайтын азаматтардың пікірін, ұсыныстары мен тілектерін оқыдым. Меніңше, ой-пікірдің көпшілігі Атыраудағы Құрылтай, шын мәнінде, ұлтымыздың дамуына қатысты жаңа философия мен идеологияның бастауына айналды деген пайымға келіп тоғысады. Дегенмен, Құрылтайда айтылған жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатынын ұғынған жөн. Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс.

Ынтымағы мен бірлігі  мықты  елді жау  да, дау да ала  алмайды. Сондықтан Президент келешек ұрпақты іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеу қажеттігін айтты. Яғни өз идеологиямызға сүйену маңызды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз, Қазақстан халқы өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологиямыздың тірегі – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Ең бастысы дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуға тиіс.

Елде Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет. Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек. Мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Енді облыс әкімдері 2 айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге этносаралық ахуалға қатысты бас қосып, атқарылар жұмыстарды пысықтайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысыра салуға болмайтынын нақты ескерттім. Өзгелердің, әсіресе, Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал.

Қазақта «алпыс күн тасыған дария алты күнде қайтады» деген сөз бар. Әр қиындықтың қайыры бар. Көктемгі су тасқыны кезінде ел бірлігі нығая түсті. Президент бұл алапат апат та, түптеп келгенде елімізге оң әсерін тигізеді деп ойлайтындығын айтты. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басады. Әділетті Қазақстанды құру жолында белсенді ат салысады деген сенім білдіріп, Президент халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматты марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын. Осы қастерлі міндет Әділетті Қазақстанды құру және белсенді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы ғана орындалады. Биік мақсатқа жету үшін түрлі кедергіден өтеміз, барлық қиындықты жеңеміз. Ауқымды міндеттерді орындаймыз. Біз еліміздің басты құндылықтары мен бағыт-бағдарынан айнымаймыз. Мемлекеттілігімізді нығайтып, тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстаймыз. Мен бұған нық сенемін және сол үшін бәрін жасаймын. Бұл менің президенттік әрі перзенттік парызым. 

Риат Шони, тілші:

Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Сессия барысында Президент осылай деп қадап айтты. Бұл тек бірлесіп абыроймен атқарылатын шаруа. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сондықтан бұл іске ассамблея мүшелері мен волонтерлар да белсенді түрде қатысатын болады. Өйткені біздің күшіміз бірлікте!

Риат Шони, Марат Диханбаев, Алмас Омарғалиев