Түркиямен байланыс көкжиегі кеңейеді
Премьер-министр Олжас Бектенов Анкараға жұмыс сапарымен барды.
Еліміздің үкімет басшысы сапар аясында Түркияның Вице-Президенті Жевдет Йылмазбен келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты экономикалық қарым-қатынас мәселелірн талқылап, перспективалы салаларда серіктестікті дамыту жағын қарастырды.
Анкарада Олжас Бектенов Түркияның вице-президенті Жевдет Йылмазбен келіссөздер жүргізіп, ірі түрік компаниялары және холдинг өкілдерімен кездесті. Басқосуда үкімет басшысы еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері мен ынтымақтастық мәселелерін талқылап, қазақ-түрік бизнес форумына қатысты.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстан үкіметі түрік инвесторларының қатысуымен озық технологияларды трансферттеу, өндірістерді локализациялау және терең өңдеу кластерлерін құру бойынша инвестициялардың көлемін арттыруға ниетті. Өздеріңіз байқағандай Қазақстанның инвестициялық әлеуеті орасан зор және Түрік мемлекетімен өзара тиімді бизнес жүргізу бойынша мол мүмкіндіктеріміз бар. Қазақстан үкіметі түрік бизнесі үшін сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктес болуға дайын. Біз инвесторларды қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге әзірміз және өнімдерді экспортқа шығаруға қолдау көрсетеміз.
Кездесуде қос елдің үкімет басшылары өзара тиімді серіктестікті дамыту бойынша нақты шараларды да талқылады. Сондай-ақ транзит, көлік, цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты арттыру мәслелеріне тоқталды.
Жевдет Йылмаз, ТР вице-президенті:
- Түркия мен бауырлас Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынаста оң динамика байқалады. Бұл бизнес өкілдерінің, инвесторлардың, экспорттаушылардың үлкен еңбегі. Бүгінгі келіссөздердің ерекше маңыздылығын атап өткім келеді. Біздің елдеріміздің үкіметтері екі арадағы сауда-саттықты арттыруға барынша мән беріп, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды жалғастырады. Жаңа келісімдер ынтымақтастыққа тың серпін беріп, екіжақты серіктестік қарқындап дамитынына сенімдімін.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Түркия, Қазақстан үшін маңызды стратегиялық және сауда-экономикалық серіктес. Елдер арасындағы байланыстар барлық салада белсенді дамып келеді. Қазақстан тауарлары Түркия арқылы Жерорта теңізіне шықса, керісінше түркияда шыққан заттар Қазақстан арқылы Қытай нарығына жол тартады. Әлемдегі өзгерістер мен дағдарыстар жайлаған тұста бауырлас елдердің бір-біріне берерін осылайша толықтырып отыр.
Келіссөздер 500-ден астам іскер топ өкілдерінің қатысуымен өткен бизнес-форуммен жалғасты. Түрік кәсіпкерлері Қазақстандағы инвестициялық ахуалымен танысты. Айта кеткен жөн бүгінде елімізде жалпы құны 3,8 млрд долларды құрайтын 100-ге жуық бірлескен жоба іске асырылуда.
Хусейн Акин, Akplas компаниясының бас директоры:
- Біз Қазақстанда заманау иирригациялық жүйелер өндірісін құруды жоспарлап отырмыз. Қызылорда облысының әкімдігімен тиісті келісім-шартқа қол қойдық. Аталған жоба Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі зауытқа айналмақ. Біз Қазақстанға суару саласындағы заманауи технологияларды әкелмекпіз.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Түркия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. Бауырлас елдің қазақстанға салған инвестициясы үздік жиырмалықтың ішінде. Қазір түрік капиталының қатысуымен 6200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Тау-кен металлургия кешені, инфрақұрылым, тамақ өнеркәсібі, фармацевтика және тағы басқа салаларда жалпы құны шамамен 2,8 млрд долларды құрайтын 70 ірі инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Бизнес-форум нәтижесінде инвестициялық ынтымақтастық саласы бойынша жалпы сомасы 180 миллион доллардан асатын 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде дайын өнімді экспорттау, логистикалық хаб салу және суару жабдықтарын құрастыру мен кальцийлендірілген сода шығаратын бірқатар зауыт салу туралы келісім-шарттар бар.
Меруерт Қанағат