Қазақ-грузин ынтымақтастығы нығаяды

Қазақстандық сарапшылар Гүржі мемлекетіндегі серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

Еліміздің стратегиялық зерттеулер институты мамандары Грузияға алғаш рет жұмыс сапарымен барып, екі жақты байланысты арттыру жолдарын талқылады. Сапар аясында Гүржі сарапшыларымен бірге, дөңгелек үстел өткізді.

Орталық Азия мен Кавказ елдері арасындағы ынтымақтастық кейінгі кезде артып келеді. Тбилисиде өткен дөңгелек үстелде екі елдің сарапшылары мен саясаттанушылары осы мәселені сөз етті. Өзара серіктестікті одан әрі нығайту үшін арадағы байланысты арттыру керек, дейді кездесуге қатысушылар. Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тукумов Оңтүстік Кавказ қазір ерекше назарда екеніне тоқталып өтті. Бірақ аймақ елдері жайлы ақпар жеткіліксіз болып тұр дейді ол.

Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Біз шет мемлекеттермен серіктестік орнату мәселесіне келгенде көбіне Еуроодақ, Ресей, АҚШ және Қытай секілді елдерге басымдық береміз. Каспийдің арғы бетіндегі көршілеріміз жайлы ойлана бермейміз. Олардың қалай өмір сүріп жатқанын, ұстанымдары мен мақсаттарын терең түсінбейміз. 

Қазақстан мен Грузияны ежелден ортақ тарих пен мәдени құндылықтар тығыз байланыстырады. Қазір екі ел дамудың жаңа жолында. Екеуінде де ортақ сын-қатерлер, реформалар бар дейді сарапшылар. 

Гела Васадзе, саясаттанушы: 

- Кездесу барысында ынтымақтастықты қалай құру керегі талқыланды. Жалпы кез келген идея бұқара арасында кеңінен таралып, қолдауға ие болғанда ғана сәтті іске асып, жемісін береді. Сондықтан оларды алдымен жақсылап ойластырып алу маңызды. Бүгінгі жиында пікір алмасу дәл осы бағытта өрбіді. Қазақстан мен Грузия арасында ынтымақтастықты нығайту сөз болды.

Дөңгелек үстел Қазақстанның гүржі еліндегі елшілігінің қолдауымен өтті. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар мұндай отырысты тұрақты түрде ұйымдастырып тұруға ниет білдірді.

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили