Қазақстан-Малайзия серіктестігі қос аймақтың ынтымағына үлес қосып келеді
Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия бір-біріне жақындай түсті.
Қазақстан мен Малайзия арасындағы стратегиялық серіктестік қос елдің ғана емес, нарығы ауқымды екі аймақтың ынтымақтастығын дамытуға салмақты үлесін қосып келеді.
Бақыт Топтаева, тілші:
- Үш ауқымды меморандум, 5 үкіметаралық келісім. Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға осы құжаттар дәнекер. Оңтүстік-Шығыс Азия елінен бізге пальма майы, тұрмыстық техника, смартфон мен көліктің қосалқы бөлшектері тасымалданса, бізден мұнай мен қара металл шикізаты, геодезия-топографияға арналған жабдықтар, темекі шикізаты экспортталады. Екі ел арасында оңтайлы тасымал бағыты жоқ. Қашықтық та бар. Бұл әзірге алыс-берісті үдетуге қолбайлау боп тұр. Дегенмен, Малайзия жер көлемі жөнінен әлемде 9-ы орындағы мемлекетпен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланысты нығайта түсуге мүдделі. Ал АСЕАН одағы, яғни Оңтүстік шығыс Азия елдері қауымдастығының белді мүшесі – біз үшін де маңызды стратегиялық серіктес.
Бауыржан Әукен, ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:
- Жалпы ОСЕАН елдері үлкен нарық болып табылады. Осы Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен екі аймақтың арасында, яғни орталық Азия мен Оңтүстік Шығыс елдерінің арасындағы қарым-қатынасты, ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Сондықтан да бүгінгі кездесу Қазақстан мен Малайзияның арасындағы қарым-қатынастың кеңеюі, екі аймақ арасындағы ынтымақтастықтың дамуына серпін береді.
Бақыт Топтаева, тілші:
Қазір серіктес елде өндіріс саласы қарқынды дамып келеді. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, өткен жылы Малайзия экономикасы жалпы ішкі өнім көрсеткішімен әлем бойынша 31-орынға тұрақтады.
Куала-Лумпур
Луис Нг, Қазақстанның Пенанг штатындағы құрметті консулы:
- Малайзияның менеджмент бағытында Қазақстаннан үйренері мол деп сенеміз. Электронды үкіметтің ұялы қосымшасын дамыту сияқты цифрландыру саласында қазақ елінің жетістігі көп. Сол сияқты Қазақстанның да Пенанг штатынан үйренері көп. Себебі, біздің аймақ электроника өндірісі жөнінен Малайзиядағы ең озық штат болып есептеледі. Сондықтан Пенанг индустрия бағытындағы тәжірибесін Қазақстанмен бөлісуге әзір.
Бақыт Топтаева, тілші:
Биыл наурыздан бастап малайзиялық әуе компаниясы аптасына 4 рет қатынайтын «Куала-Лумпур – Алматы– Куала-Лумпур» бағытындағы әуе рейсін ашты. Елімізде осы елдің қаржысы құйылған 48 өндіріс кәсібін дөңгелетіп отыр. Астана халықаралық қаржы орталығында Оңтүстік-Шығыс Азия елінің 9 компаниясы бар. Ал ертең қос елдің сауда-экономикалық қатынасын одан әрі дамытуға арналған бизнес-форум өтеді.
Бақыт Топтаева, Ержан Қанапия