Қазақстан Малайзиямен 7 түрлі салада бірлескен жобаны іске асырмақ
Қазақстан мен Малайзия тарапы 7 түрлі салада бірлескен жобаны іске асырмақ. Бүгін қос ел үкімет басшыларының қатысуымен өткен инвестициялық жиында құны 350 млн доллардан асатын келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды 24KZ.
Айта кеткен жөн, елімізде малайзиялық капитал құйылған 48 компания жұмыс істейді. Жалпы сомасы 410 млн доллардан асатын 17 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш қаншалықты артуы мүмкін?
Қазақстан үшін Малайзия – туристік және білім беру хабы ғана емес, әлемдік маңызы зор ауқымды нарық. Үкімет басшысы жиын басында осыған мән берді. Инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі өрбіту мақсатында Олжас Бектенов малайзиялық кәсіп иелерін қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, қаржы, білім беру, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласындағы серіктестікті бірлесе нығайтуға шақырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Бір жыл ішінде екіжақты тауар айналымы $150 млн-нан шамамен $245 млн-ға дейін өсті. Ендігі мақсат – экономикалардың қолда бар әлеуетін ашу және екіжақты сауда көрсеткішін пандемияға дейінгі $650 млн-нан асыру. Біз Малайзияға экспортты әртараптандыруға ниеттіміз.
Кен байыту ісі, халал индустриясы, жасыл энергетика, туризм және цифрландыру. Қазақстанға инвестиция құйылар бағыттың қайсысы болсын әлеуеті зор, – деді Малайзияның үкімет басшысы.
Ануар Ибрагим, Малайзияның Премьер-министрі:
- Ұтымды шешім қабылдау сіздерге де байланысты. Қазақстан Үкіметі, әлбетте, инфрақұрылым тұрғысынан жағдай жасап, тиімді шарт ұсынса, біз бұл процесті жылдамдатуға тырысамыз. Тек кәсіпкерлер әріптестікке ашық болғаны абзал. Өйткені мұндағы потенциал жоғары. Еліміздің ірі бизнесмендері осында отыр. Міне, 5 бірдей министрді ертіп келдім. Мұның өзі Қазақстанға бейжай қарамайтынымызды білдірмей ме?
Қалжың астарында ақиқат жатыр. Ануар Ибрагим малайзиялық тараптың елімізбен ынтымақтастықты дамытуға ықыласты екенін осылай аңғартты. Жиын қорытындысы бойынша қос тарап тау-кен байыту, ислам қаржысын тарту жөнінен серіктестік құруға уағдаласты. Құны 350 млн доллардан асатын 7 келісім жасалды. Енді осы меморандумдар аясында алтынды қайта өңдеу, тамақ өндірісіне қажет өнім шығару және трансформатор майларын өндіру бойынша бірлескен жобалар іске аспақ.
Луис Нг, Public Gold компаниясының атқарушы директоры:
- Біз Малайзиядағы алтын өндіретін ірі компанияның атынан келіп тұрмыз. Бүгін Самрұқ-Қазынамен алтын саудасы, өндіріс және бизнес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық. Малайзия – алтын бұйымдардың өндірісі мен экспорты жөніне алдыңғы қатарлы мемлекет. Ал Қазақстан – алтын қорына бай ел. Сондықтан бүгінгі келісім алдағы уақытта жемісін беретініне сенімдімін.
Еркебұлан Ильясов, Alageum Electric компаниясы директорлары кеңесінің төрағасы:
- Хайрикс Ойл деген Малайзия компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Ол компания, Хайрикс Ойл Малайзияда трансформаторлық май және басқа да автокөлік майларын, компрессор майларын шығарады және де біздің келісімшарт – сол технологиямен Қазақстанға, Шымкент қаласына алып келіп, Малайзия технологиясымен сол майды шығару.
Жанелле Анг, Қазақстанның Пенангтағы құрметті консулы:
- Қазақстан, менің ойымша, осы аймақтағы озық елдердің бірі. Экономикасы, инфрақұрылымы, елдегі тұрақтылығы жөнінен де, адамдарының белсенділігі жағынан да ұтымды тұстары мол мемлекет. Сондықтан тиімді серіктестік құруға мүдделіміз.
Бұдан бөлек, қос елдің кәсіпкерлер палатасы мен саяси зерттеу институттары да бірлескен жобаларға қатысты меморандумға қол қойды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Ержан Қанапияұлы.