Тоқаев Маңғыстау облысының әкімін қабылдады

Президент Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайды қабылдады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жаңа басшысына маңызды міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, өңір экономикасын әртараптандыру, соның ішінде жаңа өндіріс орындарын ашу және дамудың тың бағыттарын қолға алу керек екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті. Облыс әкіміне Ақтау қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерді жылумен, ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындардың инфрақұрылымдарын жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ өңірдегі су тапшылығын жою үшін «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын арттырып, жеке инвестициялар есебінен қосымша сумен қамтамасыз ету нысандарын іске қосу қажет деді Президент.