Мемлекет басшысы Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

Мемлекет басшысына Ұлттық банктің атқарған қызметі туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция екі еседен астам, яғни 9,8 пайызға дейін төмендегені туралы баяндалды. Сондай-ақ, базалық мөлшерлеме 14 пайызға дейін төмендеп, долларлық депозиттердің үлесі 23,2 пайызды құрап, 26 жыл бұрынғы деңгейге жетті. Бұл ретте Ұлттық банктің жалпы алтын-валюта резерві 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға көбейіп, 36 миллиард долларды құраған. Ұлттық қордағы активтер 4,3 миллиард долларға өсіп, 60 миллиард долларға жетті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерінің көлемі де 3,2 триллион теңгеге ұлғайып, 17,8 триллион теңгеге жеткен. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Цифрлық теңге» жобасының іске асырылу барысы жайында ақпарат берілді. Президент ұлттық қаржы нарығы жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін арттыруға және инфрақұрылым құруға қатысты бірқатар міндет жүктеді.