Қазақстан - Сингапур арақатынасы қарқын алады

Қазақстан мен Сингапурдың негізгі ұқсастығы логистикалық әлеуетінде.

Бірі Еуропа мен Азияның арасында заманауи Ұлы Жібек жолының, негізгі күре тамырында болса, енді бірі қос мұхиттың арасындағы теңіз жолдарының торабында. Президент сапары екі елдің қарым-қатынасына қаншалықты қарқын бермек?

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сингапур бөтен ел емес. Ол өзінің дипломатиялық мансабын 1975 жылы дәл осы Сингапур еліндегі Кеңес Одағының елшілігінен бастаған. Сол жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев шағын ғана қала іспеттес мемлекетті Азияның жолбарысына айналдырған атақты басшы Ли Куан Юмен танысқан. Одан бері Сингапурға Сыртқы істер министрлігі қатарында қазақ басшысы бірнеше рет ат басын бұрды. Соның бірін Қазақстанның Сингапурдағы бұрынғы елшісі Үсен Сүлеймен былай деп еске алды.

Үсен Сүлеймен, Қазақстанның Сингапурдағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі:

"Франкфурттан Сиднейге бара жатқан сапарда жол-жөнекей Сингапурға бір сағатқа тоқтадық. Әуежайда бізді Сингапурдың Сыртқы істер министрлігінің протокол басшысы күтіп алды. Сол сәтте ол кісімен Қасым-Жомарт Кемелұлы қытай тілінде сөйлесе бастады. Артынша бірден ағылшыншаға көшкенде протокол басшысы қатты таңғалған еді. Сол кезде Президент 1975-79 жылдар аралығында Сингапурда қызмет еткенін тілге тиек етіп, оған Ли Куан Юмен жиі жүздескенін айтты. Әрі өз елін сондай биік деңгейге дейін дамытқан саясаткердің еңбегіне құрмет білдірді. Оның дәл осы тәжірибесі Сингапурмен байланысымыздың одан әрі нығая түсуіне әсер етті деп ойлаймын." 

Жалпы инвестиция көлемі (2010-2023 жылдар)

Сингапур --- 1,4 млрд АҚШ доллары --- Қазақстан 

Екі жақты сауда айналымы

2021 - 1,2 млрд АҚШ доллары

2022 - 1,9 млрд АҚШ доллары

2023 - 1,8 млрд АҚШ доллары 

Қазақстанның Сингапурға экспорты

мұнай

газ

мұнай өнімдері

көмір

сүт және тағам өнімдері. 

Қазақстанның Сингапурдан импорты

электротехника

өлшеу құралдары

теңіз өнімдері

мата мен тері бұйымдары

құрылыс заттары

бояу, май секілді химиялық заттар 

Тәуелсіздік алғаннан бері Сингапурдың Қазақстанға құйған жалпы инвестициясы шамамен 1,5 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал екі жақты сауда айналымы 2021 жылы 1 млрд АҚШ долларынан асса, 2022 және 2023 жылдары 2 млрдқа жуықтаған. Сингапурға еліміз көбіне мұнай, газ бен көмір жөнелтеді. Ал біз олардан электротехника, өлшеу құралдары, теңіз өнімдері мен химиялық заттарды сатып аламыз. Жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, арадағы алыс-беріс алдағы уақытта да арта түспек.

ЦИТАТА Билахари Каусикан, Сингапур Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы тұрақты хатшысы:

"Екі ел арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынас  екіжақты үлес қосудың арқасында жүйелі түрде дамып келеді. Оған қоса халықтарымыздың арасындағы әріптестік жаңа деңгейге шықты. Бұған Сингапурда оқып жүрген студенттер мен қызметтегі азаматтар дәлел. Қазақстанға бірнеше рет барған дипломат ретінде өркендеуді жаңа кезеңіне аяқ басуға қолайлы жағдайдың бар екенін айтқым келеді. Сингапур Қазақстан үшін Оңтүстік Шығыс Азия мен АСЕАН мемлекеттерімен ықпалдастықты арттыруға  алтын көпір болады. Ал Қазақстан бізге Орталық Азияға жол ашады. Бұл ынтымақтастықтың болашағы өте зор." 

Мирас Жиенбаев, MNU Mind орталығының сыртқы саясат және халықаралық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі:

"Қазір Қазақстанның сыртқы саясаты барынша дағдарыстарға бейімделген қалыпқа еніп келеді. Және бұл орайда Сингапурдың Азия кеңістігіндегі ерекше орны бар екенін ескеру керек. Бірінші орында - сауда-экономикалық ынтымақтастық тұр. Бұған тек Қазақстан ғана емес, Сингапурдың да қызығушылығы жоғары."

Қызығушылықтың артып келе жатқанына осы елдің бұрынғы президенті Халима Якобтың былтырғы ресми сапары дәлел. Ол Сингапур басшыларының арасында Қазақстанға алғаш рет табан тіреген мәртбелі мейман. Әрі Орталық Азия елдерінің ішінде алдымен бізге ат басын бұруының өзі үлкен  символикалық мәнге ие. Сол кезде екі ел "Қызметтердің еркін саудасы және инвестициялар туралы келісімге" қол қойды. Жасалған мәміленің арқасында екі ел арасындағы алыс-беріс қарқынды дамып келеді.

Диана Аблякимова, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Сингапурдағы өкілі:

"Қазір біршама инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, өз саласының алпауыты "Интершнешнл Семент Груп" компаниясы Алматы мен Абай облыстарында 2 цемент зауытын салды. Жамбыл мен Ақтөбе облыстарында тағы осындай 2 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Ал Жетісу облысында "Фуд Эмпайер" компаниясы суда еритін кофе ұнтақ-сусындарын өндіретін зауыт құрылысын биыл бастауды жоспарлап отыр. Құны 15 млн АҚШ доллары болатын жоба жылына 17 мың тоннаға жуық дайын өнім өндіріп, Қазақстанда жасалған ұнтақтағы кофе мен шайдың жартысын Орталық Азияға экспорттауды көздейді. "Ал Сурбана Джуронг" инженерлік компаниясы Алматы облысындағы Алатау қаласын салуға қатысады.

Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттырады. Экспорттың ұлғаюына септігін тигізеді. Бұдан бөлек қазір Қазақстанда Сингапурмен бірлескен 150-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Арадағы әріптестік алдағы уақытта жандана түспек.  Президенттің ресми сапары аясында екі жақтың кәсіпкерлері қатысатын бизнес форум өтеді.

Ержан Елекеев, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:

"Бұл форумға қазір 500-ге жуық сингапурлық компания тіркелді. Олардың арасында шағын және орта бизнестің өкілдері мен алпауыт компаниялардың басшылары да бар. Соның бірі тек Сингапурда емес, әлемге  кеңінен танылған Temasek Holdings (Темасек Холдингс) қаржы корпорациясы. Оған қоса PSA (пи эс эй) секілді жүк тасымалы саласындағы беделді компаниялармен кездесу жүргізіп, зор нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз."

Президент сапарының нәтижесінде ифрақұрылымды дамыту, білім беру, стартаптар мен цифрлық технологиялар, құрылыс секілді салаларда жаңа жобалар іске қосылады деп күтілуде. Анығы, кей алпауыттардың ғасырлап жеткен жетістігіне небәрі 50 жылда қол жеткізген Сингапур тәжірибесі, тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан экономикасының түрлі салаларына тың серпін берері сөзсіз-дейді сарапшылар. 

Ердана Ержанұлы, Әнуар Әбдрахманов, Диас Қобланбаев