Саяси қуғын-сүргін құрбандарының саны 5 млн-нан асады

Тарих ғылымдарының докторы, құрбандарды толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Зиябек Қабылдинов осылай деді.

Оның ішінде бірнеше мәрте қудаланып, биліктен теперіш көрген тұлғалар да бар. Ғалым: «барлығын қоса санағанда 5 млн деректі анықтадық», – дейді. 2020 жылы Президент пәрменімен арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Тарихтың ақтаңдақ тұсын зерттеп, боздақтарды ақтауға 425 ғалым тартылды. Олар ғылыми жаңалықтарын 72 том кітап етіп жазып шықты. 

Зиябек Қабылдинов, ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры:

- Алдын ала жобалап шығарған цифра осы қуғын-сүргінге, оның ішінде байлар бар, оның ішінде кулактар бар, оның ішінде департацияланған халықтар бар, оның ішінде сол республикадан басқа республикаға қашқандар бар, оның ішінде төре тұқымдары бар, аға-сұлтандар бар. Солардың бәрін санағанда бір 5 млн санына жетіп қалды. Оның саны неге көп екенін түсіндіріп айтайын. Екі, үш, тіпті төрт рет заңға тартылып қудаланғандарды санағанда цифра үлкен болып тұр. Оны енді толық анықтап, 3-4 рет емес, бір рет сағанда қанша шығатыны – ол болашақтың зерттеуі.