Ашаршылық. Қазақстанда 3 млн-нан аса адам ажал құшқан
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.
Өткен ғасырдың зұлмат жылдарында жазықсыз жапа шеккен жұрттың рухына тағзым етіп, тарихтың ақтандақтарына тоқталатын сәт.
Зұлмат жылдарында елдің бетке ұстарлары атылып, түрмеге қамалып, жер аударылса, жалпақ ел аштықтан қырылды. Сол замандағы солақай саясат туралы түрлі пікір бар.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысы Кеңестік жүйеде өмір сүрген қай халыққа да оңайға соққан жоқ. Үдере көшкен жұрт, үрейлі ағайын, аш-жалаңаш, жетім бала-шаға. Сол сәттерді осылай суреттеуге болатындай.
Иә, тарихты тарқатсаң, талқажауға ас таппай, бақа-шаян жеді, одан да зорғысына барды дегенді естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Әңгіме ашаршылық жайлы.
Мұрат Бақтиярұлы, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Сол дерекке сүйенетін болсақ, Қазақстанда 3 миллионнан аса адам өлген. Сол деректерге сүйенген болатын болсақ, 1,5 млн-ға жуық адамдар басқа мемлекеттерге бас сауғалап кеткен. Бұл қазақтың сол кездегі қазақ санының 55%-ін қамтиды. Сол 55% халықтан айналдырған 10 жылдың көлемінде айырылып қалдық. Бұл трагедия ма? Әрине, үлкен трагедия.
Рас, қазақ қынадай қырылды. Дей тұрғанмен ашаршылық тек Тұран даласына ғана төнді деуге келмейді. Көршілестерге де оңайға соқпады. Сондықтан мұны бір ғана ұлтқа бағытталған геноцид деп баға бергеннен гөрі сол ғасырдағы солақай саясаттан келген трагедия деуге көбірек келеді. Бұл – тарих ғылымдарының кондидаты, экс-сенатор Мұрат Бақтиярұлының пікірі.
Мұрат Бақтиярұлы, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Мұны геноцид деп айтуға, меніңше, қазіргі қолдағы бар фактілер келмейді Сол ашаршылықта тек қана қазақтар емес, украиндар да, Ресейдің 7-8 облысында 7 миллионға жуық адам өлген. Кеңес Одағына кіретін мемлекеттердегі Поволжье, Ресейдің жарты санына жуығы қырылып қалды. Украинада 9 млн-ға жуық адам қырылып қалды. Мұндай ашашаршылық Өзбекстанда болды.
Мұнымен қазақ тағдырына орнаған тауқымет біткен жоқ. Қылышын сүйретіп, қаһарлы репрессия келді. Алмағы да, салмағы да оңайға соқпаған саяси ойын – бұл.
Бауыржан Еңсепов, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Манас Қозбаевтың 1994 жылы «Ақтаңдақтар ақиқаты» монографиясында 100 мыңның үстінде, 105 мыңға жуық адам репрессияға ұшыраса, соның ішінде қазақстандықтардың 25 мыңы атылған. Жалпы Кеңес Одағы бойынша 40 млн адам болса, Қазақстанда 100 мыңның үстінде.
Бұл – біз білетін 100 мың боздақ туралы бір дерек. Ел үшін жанын пида етіп, сүйегі көмусіз қалған қайраткерлердің қанша екенін тап басып айту қиын. Тарихшы Бауыржан Енсепов: «шейіттердің санымен қатар салмағын да саралауымыз керек», – дейді. Ол: «мұның демографиялық тұралаумен қатар қазақ руханиятына жасалған үлкен соққы», – дейді.
Бауыржан Еңсепов, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Репрессия, ашаршылық қазақ халқының саны жағынан да, сапа жағынан да күрт өзгертіп жіберді. Біз сан жағын айтамыз, ал сапа жағы ше? Мысалы, қазақтың байлары болды. Олардың әлеуметтік-экономикалық қуаты мол-тұғын. 6 млн қазақты асырап отырған. Қазақ дін өкілдерінің репрессияға ұшырауының өзі бізді рухани дағдарысқа алып келді. Мұның зардабы әлі күнге дейін бар.
30 млн қазақ. Тарихтың ақтаңдақ тұстары болмағанда қандастарымыздың саны бірнеше есеге көп болуы керек еді. Демографтар осылай дейді. Тәтті үміт, ащы өкініш.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қали Несіпбаев.