«Степлаг» мұражайға айналады
Жезқазғандағы «Степлаг» лагері мұражайға айналады, деп хабарлайды 24KZ.
Өйткені тарихи мекеннің іргетасы мен қабырғалары әлі күнге тұр. Қазір реставрацияның алғашқы кезеңі жүзеге асты. Оған республикалық бюджеттен 50 миллион теңгедей жұмсалды. Мұнда өткен ғасырдың 50-ші жылдары жала жауып сотталған 21 мыңнан аса саяси тұтқын жазасын өтеген.
«Степлаг» 1940 жылы «Жезқазған лагері мен ГУЛАГ комбинаты» деген атаумен құрылған. Мұндағы мақсат Үлкен Жезқазған кәсіпорындарын жедел салып бітіру еді. Яғни, арзан жұмыс күші қажет болды. НКВД-ның арнайы тізімімен дәрігерлер, инженер құрылысшылар жазықсыз сотталды.
Берік Рахымберлин, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ғылыми қызметкері:
- Лагерьде қылмыскерлер емес қой отырған. Оқыған, көзі ашық ғалымдар, инженерлер, неше түрлі профессорлар отырды. Солардың білім-ғылымын осы қазығы қағылған медзауыттың құрылысына пайдалану керек болды. Кеңгір су қоймасын салу болды. Одан кейін Кеңгірден Жарыққа дейін 400 шақырым теміржол салу болды.
Соғыстан кейінгі жылдары лагерьдегі тұтқындар саны еселеп артты. 1950 жылдары 25 мың адамға дейін жетті. «Степлагтағы» жұмыстың ауырлығы мен тәртіптің қаталдығы біртіндеп тұтқындар наразылығын тудырды. 1954 жылы 16 мамырда басталып 40 күнге жалғасқан тұтқындар ереуілі тарихта «Кеңгір көтерілісі» деген атаумен қалған.
Айдар Ысқақов, облыстық Тарихи-мәдени мұраларды сақтау орталығының ғылыми қызметкері:
- Тұтқындар жаппай көтеріліске шығады. Бұның ішінде жұмысқа шықпай қалу, бас тарту. Өйткені қатты тәртіптік режимге қарсы шығу болып табылады. Т-34 танкісімен көтеріліс жаншылады. Көтеріліске қатысқан біраз адам қайтыс болып кетеді. Сол кездегі адамдардың айтуынша, 600-800 адам деп айталады.
«Степлаг» жайлы бірнеше кітап жарыққа шыққанымен, ондағы тұтқындардың жеке басы туралы құжаттардың сыры әлі күнге ашылған жоқ. 1957 жылға дейін жұмыс істеп тұрған лагерьде 34 ұлттың өкілі жазасын өтеген. Олардың 45%-і – украин және литвалықтар. Қазір абақтының қабырғалары мен қосалқы ғимараттардың іргетасы ғана сақталған. Лагерьдің көп бөлігі жекенің меншігіне өтіп кеткен. Былтыр республикалық бюджеттен 47 млн теңге бөлініп, реставрациялық жұмыстар басталды.
Айдар Ысқақов, облыстық Тарихи-мәдени мұраларды сақтау орталығының ғылыми қызметкері:
- Бірінші кезең жұмыстарын атқарып кетті. Бұл жердегі жалпы қоқыстан тазалау, ақпараттық тақтайшалар қою және щебень төсеу және құлаған жерлерін көтеру.
Жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі 2025 жылға жоспарланған. Онда лагердің тұтқындар түрмесі реставрациядан өтеді. Жоспар бойынша лагерь басшылығы отырған ғимаратта көрме залы жасақталып, тарихи орын аспан астындағы ашық мұражайға айналады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.