Шетелдіктер қазақ даласындағы нәубет тақырыбында ізденіп жүр
Шетелдіктер Қазақстандағы зұлмат пен нәубет жылдары жайлы біле бермейді.
Бірақ түбегейлі хабарсыз деуге келмейді. Ғалымдар ізденіп, бірқатар жайттарды жариялап жүр.
Солардың бірі – америкалық зерттеуші Сара Кэмэрон. Ол студенттерге қазақ халқының бастан кешкен қилы кезеңдері жайында дәріс оқиды.
Қазақ даласындағы нәубетті жылдар бойы зерттеген сарапшы-ғалым Сара Кэмерон 2018 жылы «Аштық жайлаған дала, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» деп аталатын кітабын жарыққа шығарды. «Кеңестік және Орта Азия тарихынан дәріс оқу барысында студенттеріме міндетті түрде 30-шы жылдардағы ашаршылық туралы айтамын», – дейді автор.
Сара Кэмерон, ғалым-сарапшы:
- Шындығында, бұл ақпарат студенттерге қызықты. Қазақстандағы ашаршылық туралы білмейді. Естігенде таңғалады. Сол кездегі аштықтың куәсі болған кісілер де қазір аз қалды. Көбісі өмірден озды. Дегенмен адамдар өз ата-әжелерінен сұрастырса, көп нәрсеге қанығар еді. Олар нақты ашаршылықты бастарынан өткермесе де, отбасылық әңгімелерімен бөлісе алады. Бұл өте құнды ақпарат болуы мүмкін.
Соңғы жылдары Қазақстанда ашаршылыққа қатысты көптеген құжат ашылып жатқанымен, оларды сараптау жұмыстары әлі де жеткіліксіз, – дейді америкалық зерттеуші. Мысалы, қазірге дейін аштықтан нақты қанша адамның көз жұмғаны белгісіз. Өйткені көшпелі халық туралы ақпарат жинау қиын көрінеді.
Сара Кэмерон, ғалым-сарапшы:
- Мен былтыр 31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде құрбандарға тағзым ету үшін алаңға шыққан халықты көріп қуандым. Бұл шынымен өте әсерлі болды. Адамдар менен Қазақстанның қай аймақтары ашаршылықтан көбірек зардап шеккенін сұрайды. Әрине, мен бұл жерде нақты мәлімет айта алмаймын. Қолымызда демографиялық мәліметтер болса, қай жерде ең көп кісі өлімі болғанын түсіну жеңілірек болар еді.
Ашаршылықтың ұзақ мерзімде Қазақстандық қоғамға қалай әсер еткенін нақты тап басып айту мүмкін де емес. Америкалық ғалымның айтуынша, бұл нәубеттің кейінгі ұрпаққа тигізген зардабын анықтаумен тек тарихшылар емес, түрлі саладағы сарапшылар да айналысуы қажет. Мысалы, эпидемиологтар адамдардың денсаулық жағдайы, бойы және басқа да көрсеткіштерін бағалау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аштық салдарын анықтай түсуге өз үлестерін қоса алар еді, – дейді сарапшы ғалым.
Авторы: Айжан Сыдықова.