Ақмолалық тарихшылар ақтаңдақ жылдар ақиқатын зерттеп жүр
1930-1950 жылдар аралығында Ақмола облысында 6 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырады.
Олардың арасында саяси себеппен сотталғандардан бөлек, әскери тұтқындар да бар. Сырттан жер аударылып келгендер қаншама? Жергілікті ғалымдар архивтерді ақтарып, экс-педицияларға шығып, ақтаңдақ жылдардың құпияларын ашып жатыр.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарын ақмолалық тарихшылар үздіксіз зерттеп жүр. Бірнеше экспедиция ұйымдастырып, архивте сақталған мәліметтерді ақтарып, әр адамға қатысты ақпарат жинады.
Ақбота Бексейітова, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Бұрын ешқай жерде белгісіз болып келген, мынау жер аударылғандардың, мынау ОЛП деп атайды, Карлагтың, АЛЖИР-дың қосымша бөлімдері табылды. Бұрын белгісіз болып келген, ешқай жерде жоқ бұндай мәліметтер. Мысалға алатын болсақ, Озерныйдағы, Ключидағы, одан кейін мынау Уголкидың маңындағы. Тағы осы Зеренді ауданының маңында көптеген осындай қоныстар табылды.
Қуғын-сүргін жылдарына қатысты құжаттар бұған дейін жабық архивтерде сақталды. Ұзақ жылдар бойы мыңдаған істен «құпия» деген белгі алынбады. 1800 азаматтың құжаты ақтау үшін мемлекеттік комиссияға тапсырылды.
Ақан Шәріпов, гуманитарлық ғылымдардың магистрі:
- Бізде әлі де ресми түрде ақталмағандар бар. Мысалы, бұрын соғыс кезінде тұтқында болғандар бойынша құжаттар жергілікті Полиция департаментінің архивінде бар. Оларды біз Алматыдағы Президент Архивіне тапсырдық. Көбісі жазықсыз сотталған. Оларды ақтау үшін зерттеу жұмыстарын жалғастыру керек.
Марат Өтегенов, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Мыңнан астам адамның жеке істерін біз зерттеп, талдап, олардың фамилияларын орталық өзіміздің жобалық кеңсеге бердік. Енді қазір Парламентте заң қарастырып жатыр. Қазіргі ақтау заңы бойынша оның туыстары жүгіну керек, ал қазір заң шықса, біз осы біздің берген мағлұматтар бойынша олар тізіммен ақталатын болады. Ал біз берген фамилиялар – ол біздің архивтен жеке істер.
Мұрағаттағы құжаттар мен зерттеу нәтижелері бойынша ғалымдар 5 кітап шығарды. Онда Қазақстан тарихының қаралы беттері қуғын-сүргін туралы материалдар жинақталды.
Авторлары: Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко.