Ерлан Қарин заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес жоспары туралы пікір білдірді
Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады.
Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір бастамасының іске асуы. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деп жазды.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс жасап, тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді. Мәжіліс бұған дейін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарастырған болатын. Қабылданған кешенді жоспардың іс-шаралары заң жобасының негізгі ережелерімен толық үндеседі. Кешенді жоспардың жобасын сарапшылар, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері кеңінен талқылады. Жоспар 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады. Оның сапалы орындалуына 15 орталық және 20 жергілікті мемлекеттік орган жауапты болады. Лудоманияға қарсы күресте мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның жұмылуы, дәйекті әрі жүйелі жұмыс жасауы аса маңызды." деп жазды Мемлекеттік кеңесші.