Маңғыстау облысы бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр

Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша елде көш басында тұр.

Өңірде жыл сайын 20 мыңнан аса сәби өмірге келеді. Биыл аймақ халқының саны 4036 адамға көбейіп, 791 мың 300 адамға жетті. Мамандар демографиялық өзгерісті табиғи туу және көшіп келушілер санының артуымен байланыстырады. Жалпы Маңғыстауда көп балалы отбасы көп.

Айнұр Жұманбетова Мұнайлы ауданында тұрады. Көп балалы ана жұбайымен бірге 12 перзент тәрбиелеп отыр. Айнұр 18 жасында тұрмысқа шыққан. Бір жылдан соң алғашқы сәбиін дүниеге әкелді. Оның ізінен 8 ұл мен 4 қыз ерген. Қазір тұңғышы мен екінші баласы студент. Одан кейінгі жетеуі мектепке, қалғандары балабақшаға барады. 

Айнұр Жұманбетова, көп балалы ана:

- Алла беріп жатса, ата-бабамыздай мысалы алтын құрсақты аналарымыз көп қой. Батыр аналарымыз сияқты он бес - жиырмаға жеткіземін деген ойым да бар. Егізден босанғанымда жиырмаға дейін апарар едім. Жағдайым көтеріп тұрса денсаулығым болса, тағы 1-2 перзент өмірге әкелуге қарсы емеспін. Жолдасым да қарсы емес.

Бұл Маңғыстаудың орталық перзентханасы. Былтыр осы жерде 20 мың 858 сәби жарық дүние есігін ашты. Арасында 4 үшем бар. Екі жүзден астамы егіз. Ал биылғы қаңтар-сәуір айлары 6582 нәресте өмірге келді. Соның алпысы егіз балалар.

Жапырақ Епенова, облыстық перинаталды орталықтың директоры:

- Соңғы 4-5 жыл ішінде Маңғыстау облысы туу көрсеткішінен жоғары деңгейді ұстап тұр. Ең жоғары көрсеткіш республика бойынша 2021 жылы болды. 2022-2023 жылдары сәл төмендеді. Дегенмен де, республика көлемінде Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. 26,78 деген пайызбен. Ол республиканың туу көрсеткіші. Сондықтан біз әлі де алдамыз. Оған біз қуаныштымыз.

Ұлттық стастика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың 1 сәуірінде маңғыстаулықтардың жалпы саны 791 мың 300 адам болды. Халықтың жартысынан көбі, яғни 54,4 пайызы ауылда тұрады. Сондай-ақ биыл жыл басынан бері өңірге 490 адам қоныс аударған.

Алтыншаш Исламова, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басшысы:

- Қалада тұратын адамдардың саны 361 мың, ауылдықтардың саны 430 мың. Былай халық саны бойынша Маңғыстау облысы 11 орында. Көш бастап тұрғаны Алматы қаласы. Содан кейін Түркістан мен Алматы облыстары. Бізден кейін Солтүстік Қазақстан, батыс Қазақстан, содан кейін Ақмола мен Павлодар облыстары бар.

Талғат Исламұлы, тілші:

-Мамандардың пайымдауынша, Маңғыстау тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 75 жас шамасында. Ер адамдар 70-71, ал әйелдер 79-80 жас жасайды екен. Тағы бір айта кетерлігі, 791 мыңнан асатын халықтың 400 мыңға жуығы әйелдер. Яғни нәзік жандылар ерлерге қарағанда 6 мың адамға көп.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев