Тоқаев Алматыда Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа корпусымен танысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа корпусымен танысты.
Жаңа ғимарат Emergency халықаралық стандартына сай салынған әрі триаж жүйесіне сәйкес тәулігіне 500-ден аса науқасты қабылдай алады. Орталықта 26 төсек орынға есептелген реанимация және қарқынды терапия бөлімі, диагностика бөлімі және 4 операция блогы бар.
Президентке орталықтың заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған диагностика кабинеттері, нәрестелерге арналған қарқынды терапия бөлімшесі және операция бөлмелері таныстырылды. Ауруханада тек Алматы қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның балалары жоспарлы ем-дом алады. Республика бойынша тек осы клиникада жаңа туған нәрестелерде кездесетін туабітті дерттерді хирургиялық жолмен емдеу тәсілдері жолға қойылған. Соңғы үш жылда бұл ауруханада емделушілер саны 30 пайызға артқан. Сол себепті қазір Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының негізгі ғимаратын жаңарту және реконструкциялау жоспары әзірленіп жатыр. Нәтижесінде стационардағы төсек-орын саны 350-ден 470-ке дейін артады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық мекеменің қызметіне табыс тілеп, 2 реанимобиль мен интерактивті тақтаны сыйға тартты.