Қ. Тоқаев ғылымға құштар балалармен жүздесті

www.akorda.kz

Алматыға сапары кезінде Президент Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған балалар фестиваліне барды.

«Jas Galym. Science Quest» деген атаумен өтіп жатқан дәстүрлі фестиваль биыл ғылым тақырыбына арналды. Квест форматында ұйымдастырылған шарада оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған БАЛАFEST фестивалі айрықша айшықпен өтіп жатыр. Жас өрендердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында үлкен ойын форматында «Jas Galym. Science Quest» шарасы ұйымдастырылған. Квест барысында балалар бірнеше кезеңді бағындырып, балл жинайды. Ізінше жинаған ұпайын сыйлықтарға айырбастай алады.

Жалпы биылғы БАЛАFEST-ке мың жарымнан аса оқушы жиналса, соның  600-і квест ойындарында бақ сынап жатыр.

Гүлнұр Кәрімқажы, «Алматы дарыны» орталығының директоры:

- Биылғы оқу жылында көптеген ғылыми сайыс болды. Сол сайыстардың бүгінгі күні жеңімпаздары мен жүлдегерлері жиналды. Алматы қаласы бойынша үш санатта: 6-9, 10-14 жас және 15-18 жас бойынша оқушылардың жұмыстары іріктелді. Жиналып, жеңімпаздары осы алаңға шақырылды.

Алматының жас өрендері жиналып, жиынның көрігі қызған тұста Президент те келді.

БАЛАFEST биыл ғылым тақырыбына арналған. Қасым-Жомарт Тоқаев қала оқушыларымен бірге «Science», «Engeneering», «Art», «Technology» және «Mathematics» станцияларын аралап көрді. Квест форматында ұйымдастырылған шарада оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырды.

Шолпан Аманкелді, 11-сынып оқушысы:

- Президент осы фестивальге кіргеннен бастап соңына дейін мен жанында жүріп көрсеткен болатынмын және, шынымды айтсам, ол осы фестивальге қатты қызығушылығын байқадым. Балалардың жобаларын қарап, оны тыңдап, белгілі бір жерде көмек қолын созды.

Бұл – әуесқой жобалар емес, келешекте ел экономикасының түрлі салаларында қолданылатын салмақты дүниелер. Мәселен, осы Шолпанның 2 жыл әзірлеген жобасы – стратосфералық озон қабатын зерттеу аппараты. Наноспутник таяуда ұшырылып, 30 шақырым биіктікке көтеріліп жаңа рекорд орнатты. АҚШтың НАСА және т.б халықаралық ғарыш ұйымдарын елең еткізген жоба Президент назарында екен.

Шолпан Аманкелді, 11-сынып оқушысы:

- Мысалға, менің де жобам осындай мемлекетімізде де жақсы қолдау алғаны – мен үшін үлкен мәртебе. Бұған дейін шетелде де жарыстарға қатысып, бірінші орын алған болатынмын. Біздің Президентіміз балалардың нағыз амбициясын көріп, жақсы эмоцияда қалды деп үміттенемін.

Ойын форматында оқыту. Биылғы БАЛАFEST-ке қатысушылар білген-түйгендерімен бөлісіп жатты.

Санжар Шалияс, 8-сынып оқушысы:

- Жасалған құралдардың барлығы – ол физика пәнін, ойын технологиясын қолдана отырып түсіну. Көріп тұрғандарыңыздай, бірінші зат. Гравитация. Біз бұл жерде шардың ұшуын байқай аламыз. Неге деген сұрақ болса, бұл жерде ауаның массасы және осы жерде ұшқан заттың массасы тең болған кезде екеуі қосылып, шар ұшқан секілді болады. Келесі біздің құралымыз – ол вакуум. Бұл вакуум арқылы шарды мен қолымды тигізбей-ақ үрлеп бере аламын. Міне, осылай үрленеді. Насос арқылы ауа сорылып, ал шар бос кеңістікті толтыруға тырысады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас жеткіншектердің ғылыми ізденісі мен шығармашылығын шыңдағандар мен фестиваль ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді. Ал балаларды мерекемен құттықтап, өскелең ұрпаққа зор үміт артатынын ерекше атап өтті және келешекте Қазақ елін алға жетелейтін болашақ ғалым, бүгінгі жеткіншектермен естелік суретке түсті.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Медельбеков, Дулат Ентебеков.