Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесті

www.akorda.kz

Палестинадағы гуманитарлық ахуал Ауғанстан мәселесі мен әлемдегі геосаяси шиеленістер. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын қатерлерге қалай жауап бере алады?

Бүгін Алматыда Мемлекет басшысы ұйымның Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізіп, төңіректегі түйткілдерге қатысты ой бөлісіп, Қазақстанның ұйымға төрағалық ету кезеңіндегі бағыттарына тоқталды.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына тұрақты мәртебе керек. Ұсыныс айтылды, Президент қолдады. Парламентаралық диалог ел мен елді жақындастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өтті және ол әлемдегі ахуал шиеленіскен уақытта өте маңызды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі кездесу халықаралық ахуал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Геосаяси текетірес өршіген кезде өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің ауқымы да айтарлықтай өзгерді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды.

Палестина мәселесінде Қазақстанның ұстанамы айқын. Қақтығысты қос халық үшін екі мемлекет формуласы шеңберінде шешу ләзім. Астанасы Шығыс Иерусалим деп айқындалып, Палестина мемлекеті құрылуы тиіс. Қазақ елі Палестинаға ұйымға мүше болу құқығын беру туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының биылғы мамыр резолюциясын құптайды. Сондай-ақ Қазақ лидерінен Ауғанстанға қатысты тағы бір маңызды мәлімдеме.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз.

Бұл құр сөз емес, нақты ұсыныс бар. Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін Алматыдан аймақтық орталық құру бастамасы бар. Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдері бұл мәселеде ортақ ұстанымда болу үшін бастаманы қолдауға үндеді. Ал қауіпсіздік мәселесінде ұйымға мүше мемлекеттердің әрқайсысы үлес қосуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұйым төрағасы ретінде ҰҚШҰ-ның басқару органдарының, сондай-ақ күштері мен құралдары құрылымдарының жедел және әскери дайындығын күшейту үшін бірлескен іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Биыл күзде Қазақстан аумағында «Мызғымас бауырластық-2024» және «Жартас-2024» оқу-жаттығу жиындарын өткізуге белсенді әзірленіп жатырмыз.

Қазақ елі өз төрағалығы кезінде тағы бір маңызды мәселені ерекше назарға алады. Ол – төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою бойынша ынтымақтастықта болу. Оның маңыздылығын биылғы су тасқыны көрсетіп берді. Мемлекет басшысы ауыр сынақ келген кезде қол ұшын созған мемлекеттерге тағы бір мәрте алғыс білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-ның салалық құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейту маңызды екеніне тоқталды. Мәселен, Биыл ҰҚШҰ Хатшылығы мен ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан бұндай бастамаларды құптайтынын атап өткен Президент елдегі саяси-экономикалық реформалар мен экономикалық аспектіге де тоқталды. Президенттен статистика.

2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ 265 млрд долларға жетті. Тікелей инвестициялар 23, ал халықаралық резервтер 100 млрд долларға жуықтады. Ұйымға мүше мемлекеттермен сауда байланыстарына келсек, былтыр Ресеймен 26 млрд долларды құраса, Қырғызстанмен 1,5, Тәжікстанмен 1 млрд 130 млн, ал Беларусь республикасымен 1 млрд долларға жуықтады. 

Берік Дүйсенбай, тілші:

- Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысы әр елдің мүддесін ескере отырып, мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ілгерілетуге және өзара үйлестіруге елеулі үлес қосатынын атап өтті. «Сондай-ақ Кеңес қабылдайтын құжаттар ұйымды одан әрі дамытуға септігін тигізеді», – деп сенім білдірді.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков.