Мәулен Әшімбаев Египет Сенатының төрағасымен кездесті
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Мысыр Сенатының төрағасы Әбделуахаб Әбделразек Хасанмен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Мәулен Әшімбаев қос мемлекет арасында дипломатиялық байланыстар орнағалы қарым-қатынастар сапалы әрі жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Парламенттер арасындағы ынтымақтастық та нәтижелі дамып келе жатыр. Кездесуде тараптар бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Ауыл шаруашылығы, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, білім беру, туризм, инвестиция салаларында өзара іс-қимылды арттыру жайына тоқталды. Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің Парламент палаталары арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Спикерлер бұл құжат ынтымақтастықтың аясын одан әрі кеңейтуге тың серпін береріне сенім білдірді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Египет – Қазақстанның Таяу Шығыстағы және ислам әлеміндегі маңызды және сенімді серіктестерінің бірі. Екіжақты ынтымақтастығымызды жүйелі түрде дамытуға ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен Мысыр президенті үлкен мән беруде. Біз Мысырмен арада қалыптасқан парламентаралық ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Екі елдің Парламентінде өзара байланыстың маңызды тетігі саналатын достық топтары табысты жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін осындай топтардың әлеуетін кеңінен пайдаланғанымыз абзал деп есептейміз.