Ташкентте «Орталық Азия - Қытай» форумы өтті

Орталық Азияда «C5+1» форматындағы форумдардың маңызы артып келеді.

Оның аясында, Қытай, АҚШ және басқа да алпауыт мемлекеттермен сындарлы диалог қалыптасқан. Бұл жайлы Ташкентте өткен «Орталық Азия-Қытай» сараптамалық орталықтарының IV форумында айтылды. Жиынға біздің ел тарапынан үш бірдей саяси зерттеу ұйымының өкілдері қатысты.

Орталық Азия мен Қытай үшін саяси зерттеу институттарының өзара байланысы аса қажет. Сол арқылы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық тереңдеп, үкіметтік органдарға тиісті ұсыныс әзірленеді. Қазір шығыстағы көршіміз де мұндай форматтағы басқосуға жоғары қызығушылық танытып отыр.

Айдар Әміребаев, саяси зерттеулер орталығының директоры /Қазақстан/:

- Қазір Қытай саясаты Орталық Азияға келгенде әр түрлі елге бағытталған. Біздің ұлттық мүддеміз, аймақтық мүддеміз, оның ішінде Қазақстанның мүддесі қандай болмақ, Орталық Азиядағы орнымыз қандай, болашақта Қытаймен, басқа да мықты мемлекеттермен, оның ішінде Өзбекстанмен қандай, осы жиынды жақсы пайдаланып, бірге жұмыс істесек халқымызға тиімді болады деп ойлаймын. 

Төртінші мәрте ұйымдастырылған сарапшылар форумында Орталық Азия мен Қытай арасындағы қауіпсіздік, цифрлық экономика, саяси қатынас және гуманитарлық бағыттағы мәселелер талқыланды. Қос тарап бірін-бірі сенімді серіктес санап, байланысты одан әрі бекемдеуге ниетті екенін жеткізді. Ол үшін алдағы уақытта саяси зерттеу жүргізу, ой-пікір алмасу ісі жалғасатын болды.

Мурад Баходуров, әлемдік экономика және дипломатия университетінің доценті /Өзбекстан/:

- Осы жолғы форумда «Орталық Азия - Қытай» ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін салалар белгіленуі мүмкін. Келешекте қолға алынатын жобалар да нақтыланады. Соның қорытындысында үкіметтеріміздің басшыларына ұсыныстар әзірленеді. Жалпы Қытай Орталық Азиядағы мемлекеттермен қатынасын жан-жақты нығайтып жатыр. Біздің аймақ та бұған мүдделі. Аймақтық мүдде тұрғысынан қарасақ, бұл байланыстың берері мол болмақ.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 миллиард доллардан астам инвестиция тартылса, соның 23 миллиарды Қытайдың еншісінде. Көлік-логистикалық салада екі ел түрлі жобаларды жүзеге асырып, сауда-саттығын ұлғайтқан. Тағы бір парасы қолға алынып отыр. Іргедегі Өзбекстан да шығыстағы көршімізбен қатынасын жақсартқан. Тіпті бірлескен кәсіпорындар көптеп құрыла бастады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- «C5+1» форматындағы ынтымақтастықтың берері мол. Соның ішінде Қытаймен цифрлық экономиканы дамыту мен технологиялық трансферттер жасауға екпін жасалған. Сарапшылардың айтуынша, осы арқылы Орталық Азия өнеркәсіптік әлеуетін жақсартады. Форум сол тұрғыдағы тараптардың ұстанымын саралап, көзқарасын бағамдауға жол ашты.

Рауан Мыңбаев