Қазақстан мен Өзбекстан өңірлік ынтымақтастықты нығайтып келеді
Соның ішінде шекаралас аймақтар арасында әріптестік ширай түскен, деп хабарлайды 24KZ.
Тек экономика салаларында емес, мәдени-гуманитарлық бағытта қолға алынған ілкімді іс көп.
Қазақстан мен Өзбекстан «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация кешенін құруға ниетті. Оның бір бөлігі Сырдария облысында салынбақ. Ауқымды жобаға Өзбекстан тарапынан осы өңір, ал біздің мемлекеттен Түркістан облысы таңдалған. Құрылыс алдағы тамыз айында басталуы мүмкін.
Іргелес жатқан елдердің мәдени-гуманитарлық қатынасы да қарқынды дамып келеді. Бұл жолы елшілік делегациясы өзбекстандық тараптың шақыруымен Гүлістан шаһарында болды. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған экофестивальге қатысып, арнайы конкурсты тамашалады. Оның барысында жергілікті белсенділер қаланы қоқыстан тазартып, өзара сайысқа түсті.
Заррина Абдуллаева, Өзбекстан Экология, қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрлігінің басқарма басшысы:
- 5 маусым – Халықаралық қоршаған ортаны қорғау күні. Соған байланысты біз Сырдария облысында пилоттық негізде плоггинг өткіздік. Оған негізінен БАҚ өкілдері қатысты. Бағдарлама барлық жағынан қызықты болды. Қоқысты кім көбірек жинаса, сол жеңіске жетеді деп алдын ала ескерттік. Енді нәтижесін шығарып отырмыз. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықпен марапаттадық.
Сырдария ел аузында «шырын шаһар» аталып кеткен. Себебі өңірдің аграрлық әлеуеті зор. Орталық саябақта ұйымдастырылған гастрономиялық фестивальде осы ерекшелік сурет көрмесі арқылы көрсетілді. Кейін сырдариялық аспаздар 15 түрлі тағамнан дәм татқызды. Ал ісмер қыз-келіншектер ұлттық киімі мен кәдесыйын ұсынды.
Дилафруз Мірахмедова, ісмер:
- Біздің ұлттық киіміміз брендке айналып келеді. Шет мемлекеттен келетін меймандар көп сатып алады. Осындай ұлттық киімді тігуді кәсіпке айналдырып отырмыз. Шағын цехымыз бар.
Гүлістан Өзбекстанның өзге қалалары секілді тарихи ескерткіштерімен мақтана алмайды. Дегенмен ұлттық құндылығын дәріптеп, кең насихаттауға дайын. Аймақ ұлттық спорт түрлерін дамытуға ден қойған. Бұл бағытты этно-туристік ерекшелік ретінде ұстанып отыр.
Шохрух Исакулов, Сырдария облысы хокимінің орынбасары:
- Аймағымыз Қазақстанның Түркістан, Тәжікстанның Соқ облысымен шекаралас жатыр. Сондықтан осындай мәдени-гуманитарлық іс-шараларды көбірек өткізуге кірістік. Сырдарияға көрші мемлекет өкілдерін қонақ ретінде шақырамыз. Өзіміз де сол аймақтарға сапарлап, мәдени ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз.
Облыста қазақ ұлттық мәдени орталығы да бар. Оның мүшелері елдің қоғамдық өміріне белсенді араласады. Ал таяуда Сырдарияның музыкалық театры Түркістанда гастрольдік сапармен болды. Алдағы уақытта сол ынтымақтастық жалғасын табады. Ал іскер топ өкілдері арасындағы байланыстың қос тарапқа да берері мол. Осы күні екі ел үкіметі жалпы құны 2,6 млрд долларға тең бірлескен 60 жобаны қолға алған. Соның бір парасы шекаралас өңірлерде іске асады деп жоспарланып отыр.
Авторы: Рауан Мыңбаев.