Қазақстан мен ЕО ынтымақтастықты нығайтады

Брюссельде қазақстандықтар үшін Еуроодақ мемлекеттеріне виза режимін жеңілдету және экономикалық ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды 24KZ.

Еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко «Қазақстан – Еуроодақ» ынтымақтастығы комитетінің кезекті ХХІ отырысына қатысты.

Саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік және энергетика саласын бірігіп дамыту, ғылым-білім, климаттың өзгеруімен күрес және тағы басқа түйткілдер ортаға салынды. Сыртқы істер министірінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан заң мен адам құқығының үстемдігіне баса мән беретінін жеткізді. Сондай-ақ ол Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құру жөніндегі саяси реформаларын іске асыру барысына кеңірек тоқталған. Еуропалық әріптестер Қазақстанда қабылданған зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңды жоғары бағалады.

Люк Девинь, Еуропа сыртқы байланыс қызметінің Орталық Азия жөніндегі директорының орынбасары:

- Біздің ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Біз Президент Тоқаевтың саяси-экономикалық реформаларын қолдаймыз. Бизнес үшін қолайлы жағдай мәселесін кеңінен қарастырдық. Қазақстандықтар үшін виза режимін жеңілдету бойынша Еуроодаққа мүше барлық елмен кеңестер өткіздік. Бәрі қолдап жатыр. Бірақ әлі де талқылайтын техникалық мәселелер бар.

Кездесулерден қазірдің өзінде нәтиже бар. Еуропалық инвестициялық банк Қазақстанның транзит-көлік саласына және «Орта дәліз» жобасына қаржы құюға дайын. Жалпы еліміздің сыртқы сауда және шетелдік инвестицияларының шамамен 30%-і Еуроодаққа тиесілі. 

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Қазақстан басты әлемдік ойыншылармен қарым-қатынаста өз ұстанымына берік, ұлттық мүддені бірінші ойынға қояды және әрқашан барлық серіктестермен көпвекторлы сыртқы саясат қағидатын ұстанады. Еуроодақ басшылығы қазақ елімен қарым-қатынасты нығайтудың маңызын өте жақсы түсінеді. Еуроодақ Қазақстанның Орталық Азиядағы және әлемдік деңгейдегі маңызды рөлін ерекше бағалайды.

Алдағы күзде Еуроодақтың Сыртқы істер министрлерінің деңгейінде «Қазақстан – Еуроодақ» ынтымақтастық кеңесінің отырысы өтеді. Онда тараптар Кеңейтілген серіктестік және өзара іс-қимыл туралы келісімді әрі қарай іске асыру барысын талқыламақ.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.