Сенаторлар жұмыс сапарымен Алматыға барды

Жоғары палата депутаттары Алматыға жұмыс сапарымен барды. Сенаторлар жергілікті жұртшылық және Алматы қаласы мәслихатының депутаттарымен кездесіп, Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы, заң шығару қызметіндегі міндеттер және Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды, деп хабарлайды 24KZ.

Сонымен қатар жергілікті өкілетті органдарды заң шығару жұмысына жұмылдыру мәселесіне баса мән берілді. Мұндай қадам әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілетуге, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және инфрақұрылымды жетілдіруге тың серпін беруі тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Өңірлердің мүддесін қорғайтын палата ретінде өздеріңізбен кездесіп, қаладағы өзекті мәселелерді талқылау үшін арнайы келіп отырмыз. Елімізде үлкен өзгерістер орын алғанын білесіздер. Мемлекет басшысының бастамасымен кешенді реформалар іске асырылып жатыр. «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласы аясында елімізде билік тармақтарының аясындағы теңгерімдік күшейіп, саяси белсенділік артты.

Сенаторлар Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының қызметімен де танысты. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушыларымен және студенттерімен болған кездесуде ғылыми кадрлар даярлау, олардың біліктілігін арттыру, зерттеу жобаларына әлеуметтік және қаржылық қолдау көрсету, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізу бағыттары бойынша ұсыныстар айтылды.