Е. Қошанов: Жаңа заң жобасы салық саясатына қатысты мәселелерді шешуі тиіс
Қазіргі Салық кодексінде орта бизнесті дамытуға тиісті жағдай жасалмай отыр.
Бүгін Мәжілісте өткен «AMANAT» партиясы фракциясының жиынында Ерлан Қошанов осылай деді. Төменгі палата спикерінің айтуынша, ондағы талаптар салық заңнамасын бұзып, тіпті оны айналып өтуге итермелейді. Үкімет мүшелерінің жаңа Салық кодексін әзірлеу бойынша есебін тыңдаған депутаттар бұл ел экономикасына, әрбір кәсіпкерге және салық төлеушіге тікелей қатысы бар ең күрделі және жан-жақты талқыланатын заң жобасы екенін атап өтті. Бұл ретте Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа Салық кодексін әзірлеуді екі жыл бұрын тапсырғанын еске салды. Президент салық саясаты әділ, ашық, тұрақты және барлығына бірдей түсінікті болуы керек екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгінде қоғам жаңа Салық заңнамасынан үлкен үміт күтеді. Жаңа заң жобасы қазіргі салық саясатына қатысты барлық мәселені шешіп, Президент жариялаған жаңа экономикалық саясаттың негізін қалауға тиіс. Салық жеңілдіктері тек фискалдық мақсаттарды көздемеуі және жекелеген салаларға лоббизм жасамауы керек. Олар болашаққа бағытталып, ел экономикасының ұзақмерзімді дамуымен өзара байланысты болуы тиіс.