Қазақстан мен Корея бірлескен жобаларының құны миллиард доллардан асты

Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі соңғы 18 жылда 10 млрд долларға жуықтады.

Ендігі мақсат жетістікті еселеу. Ынтымақтастық көкжиегін кеңейту. Қазір жүзеге асырылып жатқан жобалардың құны 1 млрд доллардан асты. Ал екі жақты алыс-беріс көлемі былтыр шамамен 6 млрд-қа және биыл жыл басынан 1,3 млрд долларға жеткен. Таңғы самал елінде түрлі инвестициялық жобалармен және көлік құрастыру саласымен танысқан тілшіміз Мирлан Алтынбек жалғастырады.

Қазақстан Оңтүстік Кореяға көбіне мыс пен цинк шикізатын экспорттайды. Ал Кореядан біздің елге әдетте электрондық құрал-жабдықтар мен тұрмыстық техника және жеңіл көліктер импортталады. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Оңтүстік Кореяда автокөлік құрастыру саласы 20-ғасырдың басында америкалық, еуропалық, жапониялық көліктерді жөндеуден және көшіруден басталды. 1975 жылы Корея билігі шетелден қосалқы бөлшектер әкелуге тыйым салған болатын. Осының арқасында Кореяның өзінде өндірілетін қосалқы бөлшектердің 90-95 пайызы отандық өнімге айналды. Алғашында үкімет жеке компанияларға материалдық қолдау көрсетті. Бұл процедура түбінде өз жемісін берді.

Бүгінде мемлекет жылына шамамен 4 млн көлік жасап, әлем елдеріне экспорттайды. Бір ғана зауыттың өзінде тәулігіне мыңнан астам көлік құрастырылады. Отандық өнімі қауіпсіздігі бойынша қатаң сыналады. Түрлі тест-драйв пен краш-тесттер өткізіп, тәуелсіз баға беріледі. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Біз қазір сынақ алаңындағы өздігінен жүретін автобусты сынап жатырмыз. Алдында 2 радар, алдында біреу және 5 камера орнатылған автобус қай жерде тоқтауы керек, қай жерде бұрылуы керек және қай жерде өздігінен жүруді жалғастыру керек екенін анықтайды.

Бірақ Оңтүстік Кореяға "экономикалық серпіліс" өздігінен келе қойған жоқ. 20-шы ғасырдың соңында Корея қаржылық дағдарысқа ұшырап, қиын кезеңді еңсерді. Бұл ретте халық үлкен қолдау көрсеткен. Тығырықтан шығу үшін тұрғындар мемлекет қазынасына алтын бұйымдары мен әшекейлерін өз еркімен және тегін тапсырған. Сол кезгі игі науқанға Юнджу Кимнің де ата-анасы қатысыпты.

Юн Джу Ким, жаһандық білім беру саласындағы ынтымақтастық орталығының қызметкері:

- Ата-анамның айтуы бойынша, дағдарыс кезінде олар ел қазынасына алтын жүзіктерін тапсырған. Осы оқиғаны кейбір келушілерге айтсам, ендеше еліңіздің дамуына сіздің ата-анаңыз да тікелей үлес қосқан деп мадақ айтады. Негізі біздің орталыққа шетелдік меймандар мен оқушылар, студенттер көп келеді. Оларға Оңтүстік Кореяның даму тарихын айта беруден еш жалықпаймын.

Елімізде мұнай мен газ және құрылыс салаларында кореялық компаниялар көптеп жұмыс істейді. Смарт-сити яғни "ақылды қала" салудан да Оңтүстік Корея - әлемде озық елдердің қатарында.

Дәулет Сақтағанов, "Kazakh Invest" ҰҚ" АҚ Оңтүстік Кореядағы өкілдігінің басшысы:

- "Алатау Сити" деген жоба бар. Өте үлкен жоба. Қазіргі таңда біз Оңтүстік Кореядан, Сингапур елінен тағы да басқа жоғары технологиялық елдерден инвестицияларды тартудамыз осы Алатау қаласына.

Алатау қаласының жобасы таныстырылды

Алматы облысындағы жаңа Алатау қаласында бой көтеретін алғашқы нысан – кәсіпкерлікті қолдау орталығы болады. Ол көп дегенде 5 жылда жүзеге асырылады. Бұл туралы өткен аптада Сеулде инвестициялық жобаның тұсаукесерінде айтылды. Оңтүстік Корея Ұлттық ассамблеясының ғимаратында өткен іс-шараға Парламент депутаттары мен ірі компаниялардың өкілдері қатысты. Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі мамыр айында Алатау шаһарын дамыту жоспарын бекіткен болатын. 

Ким Хён Су, бизнесті дамыту менеджері:

- 4-өнеркәсіптік революция, электромобильдер, атом электр станциялары – бұл Кореяның мықты тұстары. Сондықтан Алатау қаласында бұл бағыттарды дамытуға болады деп ойлаймын. Қазақстан жобаны жүзеге асыру үшін заңнама әзірлеуді аяқтай салысымен оған Оңтүстік Кореяның 3 корпорациясы мен 100-ге жуық орта бизнес өкілдері инвестиция салуға ниетті. Кореяда 5 ірі клиника бар. Оларға ТМД елдерінен клиенттер көп келеді. Алатауда корейлік медициналық жүйені іске қоссақ , осы клиенттердің барлығын Қазақстанға тарта аламыз. 

Оңтүстік Кореяда урбанистикасы дамыған қала көп. Олардың қатарында еркін экономикалық аймақтар да бар. Мәселен, бұл қашықтан басқару орталығы Сонгдо, Ёнчжон және Чхонна шаһарларындағы тазалық пен тәртіптің сақталуын бақылайды. Көшеде кез келген оқыс оқиғаға тап болған немесе куәгер атанған әр азамат аялдамалардағы батырманы басып, жедел жәрдем мен полиция қызметтерін шұғыл шақыра алады.

Ким Джу Сан, "Incheon Smart City" басқару орталығының бас менеджері:

- Басқару орталығы арқылы ұрлық-қарлық тыйылып, жол-көлік апаттарының санын біршама қысқарды. Орта есеппен жылына 500-600 оқыс оқиғаның алдын алып отырамыз.

2023 жылы инвестиция құйған елдердің бестігі

Оңтүстік Корея Қазақстанға инвестиция құятын елдер арасында қаржы көлемі бойынша 5-орында тұр. Ең белсенді мемлекет - Нидерланд. Екінші орында Ресей. Алғашқы үштікті Швейцария қорытындылайды. Көршіміз Қытай инвестиция көлемі бойынша төртінші орында.

Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі соңғы 10 жылда 7 млрд долларға жуықтады. Ендігі мақсат жетістікті еселеу. Ынтымақатстық көкжиегін кеңейту.

Мирлан Алтынбек, Владислав Цой, Мұрат Әріпханов