Қазақстан - Корея келіссөздері өтеді
Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль елімізге мемлекеттік сапармен келді.
Екі ел басшылары келіссөз жүргізеді және қазақ-корей бизнес-форумына қатысады деп күтіледі. Ал 15 маусымда Астана мен Сеул арасында тікелей әуе рейсі қайта ашылады. Естеріңізде болса, бұл бағыт жаһандық пандемия салдарынан тоқтап қалған еді. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында қатынаған жолаушылар осы уақытқа дейін Алматыдағы халықаралық әуежайын ғана пайдаланып келді. Бұдан былай қос ел арасындағы туристік байланыс тек нығая түспек.
Қуандық Танабас, тілші:
- Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ел Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Корея елінің көшбасшысын әуежайдан премьер министр Олжас Бектенов қарсы алды.
Айта кетелік, бұл Корея президентінің Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапары. Қос елдің басшылары бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында кездескен болатын. Кейін Қасым Жомарт Тоқаев Корея көшбасшысын Қазақстанға шақырды.
Оңтүстік Корея басшысының осы сапарында 60-тан астам корей компаниясының өкілдері бірге келді. Демек, Қазақстандық бизнес қауымдастық үшін серпінді Жобалар мен жаңа серіктестік қатынастар орнатуға зор мүмкіндіктер бар.
Бұл тұрғыда Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасы үшін жетекші 5 инвестордың бірі екенін атап өткен жөн.
Сондай бүгінгі таңда қос елдің арасында жалпы құны 5 жарым млрд теңгеден асатын бірлескен 54 жоба жүзеге асуда.
Корея Президентінің елімізге жасап отырған сапарының негізгі мақсаты да осы ынтымақтастық аясын кеңейту.