Бір топ азамат Президенттен жоғары мемлекеттік марапаттар алды

www.akorda.kz

Ерен еңбек елеусіз қалмайды. Бүгін су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтар Президент қолынан жоғары мемлекеттік марапаттар алды.

Олардың қатарында бір топ құтқарушы, волонтерлер мен қоғам белсенділері, әскери қызметшілер, дәрігерлер және қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ кәсіпкерлер бар. Ел басына күн туғанда етікпен су кешіп, көмек көрсеткен мейірімді жандарға Мемлекет басшысы шын көңілмен лағыс білдірді. Қазір тасқын су салдарынан баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қомақты қаражат бөлінді. Енді елде 2 мың 200-ден астам үй бой көтереді. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді. «Ешбір адам мемлекеттің назарынсыз қалмайды», – деді Президент.

Риат Шони, тілші:

- Тракторшы, кран басқарушы, волонтерлер. Бұл жандар – ел басына күн туғанда етікпен су кешкендер. 80 жылда болмаған алапат апатқа қарсы тұрып, қарғын сумен күрескендердің еңбегі ерен. Сол ерлік бүгін лайықты түрде бағаланып, бір топ қазақстандықтар Президенттің қолынан мемлекеттік наградалар алады.

Бұрын-соңды болмаған табиғат апаты биыл елді әбден әбігерге салды. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Қарғын су ел бойынша 19 мыңнан астам тұрғын үйді басты. Бірақ сын сағатта халықтың сағы сынбады. Керісінше, жұрт болып жұмылып, біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Антына адал азаматтар тәулік бойы оқиға орындарында жұмыс істеп, кезекшілік етті. Жалпы айтқанда топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысты. Ал құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев: «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу», – деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді.

Бүгін Президент Кентау қаласында тұратын Гауһар Шаймерден есімді оқушының да мейірімді іс-әрекетін еске алды. 11 жастағы қыз өзі жинап жүрген қаржысын Құлсары қаласының тұрғындарына аударған. Мемлекет басшысы осындай отаншыл ұрпақ өсіріп жатқаны үшін Гауһар Шаймерденнің ата-анасына алғысын білдіріп, қайсар қызға Республика күнінде марапат тапсырылатындығын айтты.

Қауырт кезеңді еске алған «Зағиптар арманы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің іс жүргізушісі Әлия Досмұханова жұртпен жұмылып жүргенде марапат иелену ойда болмағанын да айтады. «Басты міндет – қарғын судың бетін қайтарып, Атырау қаласын аман алып қалу болды», – дейді. Бүгін ол есіл еңбегі үшін Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды.

Әлия Досмұханова, «Зағиптар арманы» мүгедектер ҚБ іс жүргізушісі:

- Атырауымызға тасқын су келе жатыр дегенде ешқандай марапат аламыз деген ой болған жоқ. Ер азаматтармен бірге үзеңгілесіп, ең болмаса күш берейік, қастарында демеу болайық деген оймен бардық. 1-2 күн қаптап жатқан қапшықтың аузын ашып тұрдық. Содан ауыр жұмыс жасап жатқан ер азаматтарға ыстық ассыз болмайтынын түсіндік те, әйелдермен тез-тез жиналып, бригада құрып, ас әзірлеумен айналыстық.

Нағыз достық қиындықта сыналады. Қарғын судан зардап шеккен халыққа шетелдік азаматтар да көмекке келді. Қиын кезде қолдау білдіріп, қол ұшын созған жандарға Президент өзінің ризашылығын білдірді. Тағы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Су тасқыны кезінде халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы берік ел екенін көрсетті», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алапат су тасқындап келіп қалғанда отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік.

Сын сағатта көмекке келгендердің бірі – ақтөбелік азамат Шыңғыстау Әбдиев. Ақсақал 36 жыл Ақтөбе су қоймасында кран тасымалдаушы болып жұмыс істеген. Ол өткен жылдың желтоқсан айында ғана зейнетке шыққан екен. Аймақта су тасқыны басталған кезде Шыңғыстау ата өзінің кәсібилігі мен тәжірибесін көрсетіп, құтқарушыларға қол ұшын созды. Кенеттен кран істен шығып, тежегішті басқару мүмкін болмай қалған.

Ал қоймаға жиналған суды жылдам ағызып жіберу керек болды. Тәжірибелі маман біліктілігінің арқасында барлығын ретке келтіріп, су қоймасының қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасаған. Шыңғыстау Әбдиевтің бұл ерлігі елеусіз қалмады. Бүгін ол «Ерен еңбегі үшін» медалін төсіне тақты.

Шыңғыстау Әбдиев, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының су беруді реттеушісі:

- Суды уақытында жіберуге көмегім тиді деп ойлаймын. Қыстан шыққан темір құрылғылар, электромоторлар оларды баппен істемесе, бірден істен шығып кетуі мүмкін. Сондықтан жайлап-жайлап штаттан тыс мықты болған жоқ. Су жойқын, арналардың барлығы жақсы болды. Сондай қатты алапат болады деген болжам болған жоқ. Сонда да алдын алу шарасын жасадық.

Еріктілердің де еңбегі орасан зор. Бұл жандар – қазіргі заманның батырлары. Өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азамат ретінде көрсеткен еріктілердің еңбегін Президент осылай деп жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен еріктілер қозғалысының дамуына айрықша мән беремін. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Осы уақыт ішінде еліміздегі волонтерлік қызмет мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Еріктілердің күш-жігерінің арқасында маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асты. Ең бастысы, біз адамдардың мемлекет пен қоғам өміріне араласуға, адами құндылықтар мен қасиеттерге сай болуға деген ниетін ояттық. Еліміздегі жан-жақты жаңғырулардың қозғаушы күші – адам. Қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асу үшін еліміздің барша азаматы күш біріктіруі қажет екеніне сенімдімін.

Бүгінгі шара барысында осы ерен еңбегімен ерекшеленіп, көзге түскен еріктілер де мемлекеттік марапатқа ие болды.

Айжан Шәріпова, қоғам белсендісі:

- Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың барлығы шығып, қолдан келген көмекті аямады. Қапшықтарға құм толдырдық, солдаттарға тамақ әзірледік, тіпті өздерінің жеке техникаларын да айдап әкеп көмектесті. Шындығын айту керек, ауыр кезеңдер болды. Бірақ бұның барлығы мол тәжірибе. Енді бүгін Президенттің қолынан марапат аламын деген ойымда да болмаған. Бұл жұмысты марапат үшін жасағаным жоқ. Бұл менің азаматтық парызым болғандықтан көмектестім.

Қарғын сумен жұрт жұдырықтай жұмылып күресті. Құтқару қызметтері қауіп төнген аймақтарда дер кезінде эвакуациялау шараларын жүргізді. Қорадағы мал да қауіпсіз жерге көшірілді. Осындай үйлесімді жұмыс теріскейдегі Николаев ауылдық округінде жақсы жүргізілді. Білікті басшының арқасында елді мекен тасқыннан қатты зардап шеккен жоқ. Осындай жұмысы үшін бүгін Николаевка ауылдық округінің әкімі Далабай Қабдуәлиев жоғары мемлекеттік марапатқа – «Құрмет» орденіне ие болды.

Далабай Қабдуәлиев, СҚО Николаев ауылдық округінің әкімі:

- Соңғы көшеге су кіріп, 24 үй суға кетті. Біздің еңбек еткеніміздің басты мақсаты – адам мен мал шығынын болдырмау. 24 үйдің ішінен біз 64 адамды эвакуацияладық. Көрші жатқан Қаратал ауылы бар. Қаратал ауылына су дәл іргесіне дейін келді. Бірақ ауылдың ішіне кірген жоқ. Біз оған да дайын болдық.

Алапат апаттың беті қайтты. Қазір аймақтарда қалпына келтіру жұмыстарына жүріп жатыр. Баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қомақты қаражат бөлінді. Енді елде 2 мың 200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлегеніміз жоқ. Әркім өз таңдауын жасады.

Туған жерді түлетіп, оны көркейтуге үлес қосу – әркімнің парызы. Сондықтан ел азаматтары Президент жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына да белсенді атсалысып жатыр. Апат салдарын жоюға атсалысқан әр азаматқа шынайы ризашылығын білдірген Мемлекет басшысы бұл акцияның әлеуметтік маңызы зор екендігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Баршаңызға мәлім, қазір «Таза Қазақстан» акциясы басталды. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба. Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұған ең алдымен өздеріңіз сияқты адал азаматтар ұйытқы болады. Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн.

Жалпы бүгін Ақорда сарайында су тасқынымен күреске белсене атсалысқан 70-тен астам отандасымыз жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Олардың қатарында бір топ құтқарушы, волонтерлер мен қоғам белсенділері, әскери қызметшілер, дәрігерлер және қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ кәсіпкерлер бар.

Риат Шони, тілші:

- Қазір табиғи апат болған аймақтарда қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Бүлінген инфрақұрылым жөнделіп, баспанасынан айырылған отандастарымызға жаңа үй салынып жатыр. Барлық ауқымды жұмыс күз басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Президенттің тапсырмасы осындай. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сондықтан бұл іске волонтерлер, сан сала өкілдері де белсенді түрде қатысып жүр. Өйткені біздің күшіміз бірлікте!

Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы, Алмас Омарғалиев.