Мотоэскорт қызметінің мәртебелі міндеті

Өзге елдің президенттері мен жоғары мәртебелі қонақтарының кортежін ілестіріп жүру мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұл міндет Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полкінің мамандандырылған батальон құрамындағы мотоциклдер эскорты қызметіне жүктелген. Қосаяқты темір тұлпарларды тізгіндеген полицейлер қазір шілде айында болатын Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне дайындықтарын пысықтап жатыр.

Риат Шони, тілші:

- Шілде айының басында елде ауқымды халықаралық шара өтеді. ШЫҰ саммиті. Бұл шараға көптеген елдің мемлекет басшылары келеді деп жоспарланған. Мәртебелі меймандарға құрмет көрсету үшін олардың кортежін мотоэскорт взводы ілестіріп жүретін болады. Қазір жігіттердің дайындығы қызған.

Мотоциклдерден тұратын эскорттық взвод елде 1997 жылы құрылған болатын. Басты міндеті елге келетін жоғары мәртебелі меймандардың кортежін ілестіріп жүру. Взвод заманауи мотоциклдермен қамтылған.

Сырым Оразхан, Астана қаласы ПД ПП мамандандырылған батальонының аға инспекторы:

- Бізге BMW маркалы RT950 атты BMW мотоциклі ұсынылған. Шетелден келген ресми мәртебелі тұлғаларды ілестіріп алып жүруге арналған. Ілестіріп алып жүруде охраняемые лица дейді, сол тұлғарды қорғап жүру болып саналады. Яғни біз автокөліктің ең алдында жүреміз және де шет жақтарында, артында, автокөлікті түрлі оқиғалардан қорғаймыз негізгі мақсатымыз.

Мотоэскорт взводы елге мәртебелі мейманның келуіне 1 ай қалғанда дайындықтарын бастайды. Жоспарланған маршрутты ең әуелі өздері бір емес, бірнеше мәрте жүріп өтіп, кем кетіктерін түзейді. Барлық іс-әрекет біркелкі әрі үйлесімді болуы қажет.

Аслан Жүнісов, Астана қаласы ПД ПП мамандандырылған батальонының аға инспекторы:

- Біркелкі жүру керек. Бәрі бір пәрменмен, бірдей маневр, бірдей жылдамдықты ұстап отыру үшін арамызда арнайы инспекторы бар, сол кісінің пәрменімен, бұйрығымен орындалады іс-шаралардың барлығы. Маневр жасауға, әр жылдамдықты, кез келген бұрылыстарға бәріне жаттығулар жасаймыз, толығырақ дайындалып. Құлап қалмас үшін және оның бәрі өзіміздің қауіпсіздігімізге байланысты және біркелкі, әдемі болуға байланысты жұмыс атқарамыз.

Бұл взводқа өту оңай емес. Кандидат қатаң іріктеуден өтеді. Басты талап – қос аяқты темір тұлпарды тізгіндеп, түрлі кедергілердер сүрінбей өте білу қажет. Себебі кортежді ілестіріп жүру барысында кез келген оқыс оқиға туындап қалуы мүмкін.

Аслан Жүнісов, Астана қаласы ПД ПП мамандандырылған батальонының аға инспекторы:

- Рим папасы келген кезде ол кісінің келген арнайы көлігі болды. Ол көліктің көлемі өте қысқа. Қысқа болғанда біз ілестіріп алып жүру кезінде сол көліктің төрт дөңгелігінің жанында 4 мотоцикл жүреді екі жағында. Ол көлік қысқа болғандықтан мотоциклдердің арасындағы дистанцияда қысқа болды, ол жерде сәл қиынырақ болды.

Аэропортта шығарып салып жатқан кезде Рим папасы арнайы біздің сапта тұрған мотоциклдарға тоқтап, өзінің ризашылығын білдірді.

Мотоэскорт взводы Қазақстанда тек Астана мен Алматы қаласында ғана бар. Мәртебелі меймандарға құрмет көрсетуден бөлек бұл мамандар қоғамдық орындарда тәртіптің сақталуын да қамтамасыз етеді. Көшелерде патрульдік кезекшілік ұйымдастырып, жол ережесін бұзған мопед, мотоцикл жүргізушілерін анықтайды.

Риат Шони