ШЫҰ Жастар кеңесінің отырысы өтті

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің белсенді жастары елордада бас қосты.

Олар келелі кеңесте экологиялық апаттардың алдын алу мүмкіндіктерін талқыланды. Өрт, тасқын һәм аптап ыстыққа қалай тосқауыл қоюға болатынын саралап көрді. Тараптар тәжірибесімен бөлісіп, еңбектерінің нәтижесін де баяндады. Жастар жиыны жайлы Бекзат Аманов толығырақ тарқатады.

Келесі айда Астана ауқымды саммитті қабылдайды. Жиын қарсаңында Шанхай Ынтымақастық ұйымына мүше елдердің көшбасшы жастары жиналып, 10 мемлекеттен іріктелген 150 белсендісі әлемдік проблемаларды ортаға салды. Отырысқа қатысқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов биылғы саммиттің салмағын сараптап берді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету шеңберінде 2024 жылды Экология жылы деп жариялады. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың жиілеп кетуі мен олардың ауқымы кеңеюі бізден бірлескен күш-жігерді қажет ететінін түсінуіміз керек. Бұл істе жастар қауымы шешуші рөл атқаруы керек. 

Иә, күн райының күрт мінезі күллі әлемді әуреге салып отыр. Мәселен, қазір Үндістанда ми қайнатар ыстық болып жатыр. Ал Қытайдың кей провинцияларында нөсер жауып, арты алапат дауылға ұласты. Ресей мен Қазақстан да су тасқынынан зардап шеккені баршаға мәлім. Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл болу үшін бірлік керек дейді қатысушылар.

Актам Жалилов, Өзбекстан Республикасы жастар ісі агенттігі жанындағы институт директоры:

- Бүгінгі отырыс экологиялық проблемаларға арналды. Әр ел өкілдері түйіткілден шығуға көмектесетін әртүрлі ұсыныстарын жеткізді. Біз де бұл салаға ерекше ден қойып жатырмыз. Былтыр өзбекстандық млндаған жас экологияға қатысты ауқымды шараға қатысты.

Экологиядағы ең әуелгі мәселе - қоқыс. Қарапайым қалдықтың кесірі бізді де айналып өтпеді. Қала тұрмақ елдің орманы мен көлі, жері мен шөлі де пластик пакеттерге толы. Сол үшін биыл «Таза Қазақстан» акциясы өтті. Бұл іске әсіресе жастар белсене араласты. 2,5 млнға жуық адам қатысты, 900 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. Оған қоса 2,5 млн жуық жасыл желек егілді. 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары қайта қалпына келтірілді. Одан бөлек, Қазақстан тарапы есірткіге қарсы күреске де күш біріктіруге шақырды. 

Ақерке Искандерова, "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы:

- Бір жыл бойы осы бағыттарда жұмыс жүргізілді. Қазақстан тарапынан ШЫҰ Жастар кеңесі аясында осы наркоманияға қарсы стратегия қабылдау ұсынылды. Біздің 10 мемлекеттің күшін біріктіріп, жастар арасында актуальды проблемаға айналған наркоманиямен күресуге шақырғымыз келеді.

Отырыс соңында қатысушылар ұйымға мүше мемлекеттердің жастарын біріктіретін бірлескен қарар қабылдады. Құжат эковолонтерлердің халықаралық штабын құруды, жыл сайын экологиялық жобалар конкурстарын ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар, делегаттар бірауыздан Беларусь пен Иранның Жастар кеңесіне кіруін мақұлдады. Ал төрағалық кезегі Қытай мемлекетіне өтті.

Бекзат Аманов