Екінші сессия жұмысы барысында Мәжілісте 100 заң қабылданды

Мәжіліс екінші сессияның жұмысын қорытындылады.

Осы кезеңде 39 жалпы отырыс өтіп, 100 заң қабылданды. Әр үшінші заңға депутаттар бастамашылық еткен. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар парламенттік бақылау әлеуетін толық пайдаланғанын атап өтті. Ал жылдың басында депутаттардың өңірлерге сапары барысында тұрғындар әр салаға қатысты 1000-ға жуық мәселе көтерген. Бүгінгі жиында сол қордаланған мәселелерге қатысты атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар пысықталды.

Жемқорлық қылмыстар нәтижесінде тәркіленіп, қазынаға қайтарылған қаражатқа былтыр 36 мектеп салынды. Биыл тағы 25 білім ошағы бой көтереді. Бюджет есебінен ауылдық жерлерде 96 емдеу мекемесі ел игілігіне берілді. 321 нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалдамалы тұрғын үй салуға 272 млрд теңге бөлінген. Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Әрбір бесінші қазақстандық мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отыр. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Сұрақтарда жылыту маусымына дайындық мәселелері жиі көтерілген болатын. Тозығы жеткен объектілерде олқылықтар болғанын жасырмаймыз. Бірақ жалпы алғанда өткен жылыту маусымы күрделі апатсыз өтті деп айтуға толық негіз бар. Жалпы біз сырттан 2 мың МВт жуық электр энергиясын сатып аламыз. Бұл, әрине, өте көп. Қазір Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш ТЭЦ салу және ГРЭС-2 үшінші, төртінші энергия блогын салу туралы келісімге қол қойылды. Халықты толғандырған барлық мәселе Үкіметтің бақылауында екенін тағы да сіздерге жеткізгім келеді. 

Алайда кәсіпкерлерді заңсыз тексеру мен жайылымдық жерлерге қатысты заңсыз әркеттер әлі де бар. Сондықтан мемлекеттік инспекторлар мен тиісті министрлік мамандары бірлесе жұмыс топтарын құру қажет. Алдағы 2 айда қордаланған мәселелердің күрмеуін шешу тетіктері пысықталу керек. 

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өкінішке орай, Үкіметтің жауаптарын саралай келе, біз жіберген бірқатар мәселелерге көз жұма қарағанын байқадық. Батыс Қазақстан облысындағы (жергілікті әкімдердің қате қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде бүгінде 600-ден астам шаруа жайылымынан) айырылып, табыс көзін жоғалтып жатыр. Түркістан облысына сапарымыз барысында қызметіне салғырт қараған шенеуніктердің кесірінен пайға берілген жерлерінен айырылған ауыл тұрғындары шағымын айтты. Облыс орталықтары мен моноқалаларда қоғамдық көлік жұмысының сапасы сын көтермейді. Ең алдымен, қарапайым халықтың бастапқы қажеттіліктерін неге шешпейсіздер? 

Жиында саяжайлар мен ондағы тұрғындар мәселесі де көтерілді. Мәселен, Алматы іргесінде 100 мың халық тұрады. Елордада 50 мың адам қала маңындағы саяжайларды паналауда. Ал ел бойынша, 700 мыңнан астам тұрғын осындай жерлердегі баспаналарда тұрып жатыр. Үкімет осы мәселе бойынша нақты шешім қабылдауы тиіс. Бұдан өзге депутат Елнұр Бейсенбаев халықты толғандырып отырған бірқатар проблеманы тізіп берді. 

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші кезекте халықты бағаның өсуі, табыстың төмендігі проблемасы қатты алаңдатады. Бұл бір. Екінші. Жұмыссыздық мәселесі халықты ерекше алаңдатып отыр. Сайлаушылармен кездескенде бұл да жиі көтерілген мәселенің бірі болды. Министрлік жылына 950 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтыдық дейді. Бұл цифрға сенетін тек министрліктің өзі ғана болар. Расында, ашылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша Үшінші. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасының жалғасып келе жатқанына ширек ғасыр болды. 

Депуттар дәстүрге сай, өңірлерге барғанда, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап қайтады. Жыл басында аймақтардағы ағайын 1000-ға жуық мәселе көтерген. Олар бойынша қазір жауапты мемлекеттік органдар тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Әр салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. 

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Шағын мектептер, үш ауысымды және авариялық күйдегі мектептер проблемасын шешу қажет. Денсаулық сақтау сапасын қаржыландыру тетіктері жете пысықталмаған. Жылу электр орталықтарына қатысты шешілмеген мәселелер бар. Сумен жабдықтау мәселесінде де жағдай осындай. Үнемі көтеріліп жүрген, үлкен проблеманың тағы бірі жолдардың ахуалына қатысты. Ал азаматтардың әл-ауқатын арттыру Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдар мен депутаттардың, яғни біздің ортақ міндетіміз. Үкімет депутаттар айтқан барлық ұсынысты ескеріп, назарға алуға тиіс. 

Мәжілістегі Қоғамдық қабылдау аясында төменгі палата өкілдері 2 жарым мың азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдаған. Ерлан Қошановтың айтуынша, бұл тұрғындардың депутаттық корпусқа деген сенімінің арта бастағаны, деді. Заң қабылдау қызметінде екі ай үзіліс жарияланғанымен жұмыс өңірлерге сапармен жалғасады. Депутаттар халықпен жүздесіп, аймақтардың тыныс-тіршілігімен танысады. Ал парламенттік сессия жұмысы жұма күні қос Палатаның бірлескен отырысында қорытындыланады.

Рухани Асқар, Ерлан Наурызбаев