Тоқаев: Кемшіліктер бар
Ұлтымыз қарқынды дамуы үшін қазіргі өзекті проблемалар жөнінде шынайы көзқарас қалыптастырып, ашық пікір алмасу маңызды.
Президент БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміндегі сөзінде осылай деді.
Бізге алдамшы жеңістер мен жетістіктерге әуестеніп кетудің қажеті жоқ. Өз-өзіңді алдауға, мадақтауға болмайды. Бұл – ыдырауға және құлдырауға әкеп соқтыратын төте жол. Сонымен қатар сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес. Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. Мұндай ақпарат адамдарға көмектеспейді, керісінше оларды күйзеліске ұшыратып, қоғамда апатия тудырады – деді Президент.
Оң өзгерістер – көбіне күнделікті қажырлы еңбекті талап ететін дамылсыз жұмыстың нәтижесі.
Ол сырт көзге байқала бермейді. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Өйткені бұл – мемлекеттік стратегияның маңызды бөлігі. Біз Әділетті Қазақстан құруға ұмтыламыз. Бұл – бос идеологиялық абстракция емес, шынайы жалпыұлттық таңдау. Біз зор сенім артып, күш-қуатымызды аянбай жұмсайтын асқақ мұрат түбі шындыққа айналады – деді Тоқаев.
Әділетті Қазақстанды кемеңгер көсемдер, аңыздағы қаһармандар емес, қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құрады.
Осындай адамдарды жан-жақты насихаттау қажет. Заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі – осындай адамдар. Мемлекеттің қуаты – халықта, ал халықтың қуаты жасампаз күш-жігерде және отаншылдықта. Сондықтан еліміздегі барлық ауқымды өзгерістер адамға, оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталған. Біз үшін реформалардың өзі ғана емес, түпкі мәні маңызды. Біздің реформаларымыз қызыл сөзге емес, нақты іске негізделген. Басты мақсат – азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін нығайтып, әл-ауқатын арттыру. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі – деді Мемлекет басшысы.