Парламент екінші сессияда 102 заң қабылдады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы сессияда атқарылған жұмысты қорытындылады, деп хабарлайды 24kz.

Жоғарғы палата 4 Үкімет сағатын, комитеттердің 50-ге жуық көшпелі отырысын, 100-ден астам дөңгелек үстел мен кездесулер өткізгенін тілге тиек етті. Одан бөлек, сенаторлар 200-ге жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Аталған іс-шараларда қабылданған ұсынымдар жұмысқа алынып, Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға жолданды. Жаңа сессияға дейін депутаттар өңірлерге барып, жұртшылықпен кездесіп, жергілікті тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерді саралайды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Парламент осы сессияда 102 заң қабылдады. Олардың үштен біріне депутаттық корпус бастамашы болды. Палатаның қарауына келіп түскен заңдар шешім қабылдар алдында мәслихат депутаттарымен және сарапшылармен бірге талқыланып, жан-жақты зерделеніп отырды. Осы және басқа да қабылданған заңдар ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Сессия барысында басқа да ауқымды жұмыс атқарылды.