Парламент сессия барысында 102 заң жобасын қабылдады

Парламенттің қос палатасының қарауында осы сессия барысында 179 заң жобасы болып, оның 102-сі қабылданды.

Палаталардың 5 бірлескен отырысы, сонымен қатар, Мәжілістің 39, Сенаттың 43 отырысы өтті. Сондай-ақ, бірқатар заң жобасы бойынша Парламент ел үкіметімен бірлесе жұмыс істеді. Бұл туралы Мәжіліс Спикері екінші сессияны қорытындылауға арналған бірлескен отырыста айтты. Ерлан Қошанов Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болғанын, қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түскенін атап өтті. 1 шілде мен 1 қыркүйек аралығы Праламенттік каникул деп жарияланды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда. Мұның бәрі пәрменді әрі ықпалды парламент қалыптастыру бағытындағы конституциялық  реформаның мән-маңызын айшықтай түсуде. Құрметті әріптестер, осы сессияда біз Парламенттік жұмыс кезеңін толық әрі табысты атқарып шықтық. Мемлекет басшысының жылдағы жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды. Осыған байланысты екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды болды.