ШЫҰ тарихы

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құрылғанына биыл 23 жыл.

Бастапқыда «Шанхай бестігі» ретінде іргетасын қалаған бірлестік қазіргі таңда әлемдегі беделді ұйымдардың бірі саналады. Оның құрылуына не себеп болды және мақсаты қандай?

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы ресми құрылғанымен, тарихы 1996 жылдан басталады. Басты мақсаты – әскери салада сенім мен келісімді нығайтып, шекара аумағында қарулы күштерді азайту. Осындай уағдаластықпен ең әуелі ұйымға бес мемлекет мүше болды. Сол тұста «Шанхай бестігі», деп те аталған халықаралық ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғыз, Ресей және Тәжікстан кірді.

Әмір Башпаев, сыртқы саяси зерттеулер институтының талдау және болжамдау тобының жетекшісі:

- Совет Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы Совет үкіметінің орнында Қытаймен шекаралас төрт мемлекет пайда болды. Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы. Осы республикалармен бір жағынан, екінші жағынан Қытай тарапы шекарада өзара сенімділік орнату үшін 1996 жылы келісімшартқа қол қойылды. Келесі 1997 жылы шекара аймағында әскерлерді азайту туралы келісімге қол қойылды.

Ауғанстанда өздеріңіз білетіндей, 1996 жылы Талибан қозғалысы үкімет басына келді. Тәжікстан аумағында елдің ішіндегі қақтығыстар болып жатты. Осы мәселелерге байланысты терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге қарсы жұмысты басты бастамдық деп қабылдап, белгіледі.

Кейіннен аталған ұйым экономика саласындағы байланысты нығайтуға бет бұрды. Ұзақ мерзімді мақсат ретінде ШЫҰ кеңістігінде еркін сауда аймағын құру, ал қысқа мерзімді перспективада сауда және инвестиция саласында қолайлы жағдайлар жасау қарастырылды.

Әмір Башпаев, сыртқы саяси зерттеулер институтының талдау және болжамдау тобының жетекшісі:

- Негізі Шанхай Ынтымақтастық ұйымын энергетикалық клуб деп айтуға да болар еді. Себебі былай қарасаңыз, мұнай мен газ қорының көзі болатын Ресей, Иран, Қазақстан, Өзбекстан мемлекеттері бұл ұйымның негізгі мүшелері. Сонымен қатар Қытай мен Индия энергия, мұнай мен газды ең көп қолданатын дүние жүзіндегі ең үлкен мемлекеттер. Былтырғы осы Астанада өткен энергетикалық ынтымақтастық жөніндегі саммит алдағы уақытта, әсіресе мына климаттың өзгеруіне байланысты декорбанизацияға қалай көшу керек? Жасыл экономиканы қалай құру керек? Шанхай Ынтымақтастық ұйымының аясында осы мәселелерді талқылап, басымдықтарды анықтап берген болатын.

Бүгінде бұл ұйымға 9 ел мүше. Ауғанстан, Беларусь және Моңғолияның бақылаушы-мемлекет мәртебесі бар.

Бұдан бөлек, ұйымның диалог серіктесі ретінде 14 ел тіркелген.