Ерлан Қарин: Азаматтардың саяси мәдениеті артты

Соңғы бес жылда елімізде ауқымды әрі түбегейлі өзгерістер болды.

Қазақстанда жүргізілген институционалды реформалардың арқасында жаңа теңдестірілген билік жүйесі қалыптасты. Соның аясында Парламенттің ықпалы айтарлықтай ұлғайып, Үкіметтің жауапкершілігі артты, Конституциялық Сот құрылды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің телеграм каналында азаматтардың әлеуметтік белсенділігі мен саяси мәдениетінің артқанын атап өтті. Ол мұны жаңа саяси ахуалдың айқын көрінісі деп бағалады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Қазақстандағы өзгерістердің маңызды және жарқын көрсеткіші – нақты пікір плюрализмі. Қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған сөз бостандығы қазірдің өзінде қалыпты жағдай саналады. Бұл ең әуелі Президент ұсынған "әртүрлі пікір – біртұтас ұлт" қағидасының арқасында мүмкін болып отыр. Жалпы Мемлекет басшысының бұл сөзінде Әділетті Қазақстан құру бағытының өзгермейтіндігі, басталған кешенді реформалардың кері қайтпайтындығы және бұл үдерістегі қоғам мен азаматтардың ролі айрықша екендігі туралы маңызды месседждер бар.