Саяси реформалардың жемісі

«Қазақстанда жаңа саяси жағдай қалыптасқан.

Оны сөз бостандығынан және билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан байқауға болады». Мемлекет басшысы медиа майталмандарымен кездесуде осылай деді. Президент ашық бәсекелестік пен ақпараттық ресурстардың қолжетімділігіне де назар аударды. Дамудың жаңа кезеңін саясаттағы салмақты өзгерістен де аңғаруға болады. Ауыл әкімін сайлаудан бастап, Президенттік мерзімге дейін үлкен өзгерістер жасалды. Бұл бастамаларды қоғам қайраткерлері де жоғары бағалап отыр.

Соңғы 5 жыл елдің саяси өмірінде ауқымды өзгерістермен есте қалды. Парламенттің ықпалы мен Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтарында тепе-теңдік орнап, партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Президенттің елдегі саяси жағдайға ерекше тоқталуы бекер емес. Қазақстан Президентті жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайлау туралы шешім қабылдады. Бұл Еуразия кеңістігінде қалыпты құбылыс емес. Десе де, батыл шешімнің арқасында билік ауысымы реттеліп, алдағы 21 жылда Қазақстанда 3 Президент ауысатын болды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам. Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығына айналғанына тоқталды. Қазір кез келген азамат билікке қатысты сыни пікірін еркін жеткізе алады. Оның үстіне елде жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернет көптеген түрлі блогтар мен арналарға толы. Мемлекет мінсіз сынды шектемейді, бірақ жалған ұранды жақтамайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге алдамшы жеңістер мен жетістіктерге әуестеніп кетудің қажеті жоқ. Өз-өзіңді алдауға, мадақтауға болмайды. Бұл ыдырауға және құлдырауға әкеп соқтыратын төте жол. Сонымен қатар сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес. Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. 

Елдегі оң өзгерістерді депутаттар да жоғары бағалап отыр. Олар Әділетті Қазақстан құру жолында Президент бастамаларының айналасына шоғырлану маңызды деп отыр. 

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осы өзгерістердің ең басында, мемлекет басшысы саяси өзгерістерді тікелей өз қызметінен қолға алғанын жақсы білеміз. Яғни, Президенттік мерзімді 7 жылға сайлауға негіз қалады. Бұл өте саяси маңызды шешім деп білеміз. Өйткені оның артында елді дамытудың жаңа стандарттарын қалыптастыру, сонымен бірге үлкен құндылықтар жүйесін қалыптастыру. 

Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгінгі таңда елімізде қолға алынған реформалар, олардың қатарына әкімдердің сайлауын қарастыруымыз мүмкін, конституциялық сотты еңгіздіру мәселесі, азаматтардың өз ойларын-пікірін жеткізу тетіктерін жетілдіру мәселесі, Парламенттің ықпалдылығының күшеюі жүзеге асып отыр. Әкімдерді сайлау ісі демократиялықүрдіс. Орталық Азияда жеке Қазақстанда қолға алынып отыр. Бұның өзі сол реформалардың жүзеге асып жатқанының айқын көрінісі.

Қалыптасқан Қазақстанның жаңа саяси бағыттары – тиімді өркендеу мен өрлеудің басты шарты. Демек, кешенді реформалар тоқтамайды. Елдің дамуына серпіліс әкелетін оң өзгерістер жалғаса береді. Бұл туралы Президент үнемі айтып келеді. 

Бекзат Аманов