Түркі елдерінің жаңа альянсы құрылды
Түркі мемлекеттері ұйымы логистикалық жобаларды бірлесе дамытатын альянс құрды, деп хабарлайды 24kz.
Тараптар жаңа құрылымды жасақтау жөніндегі құжатқа Өзбекстан астанасында қол қойды. Енді ұйымға мүше елдер жүк тасымалы мен логистикалық орталықтарды дамыту үшін бір-біріне жәрдемдесетін болады. Салтанатты шара аясында альянстың бас хатшысы және хатшылық мүшелері де тағайындалды. Сарапшылардың пайымынша, жаңа құрылым түркі мемлекеттері арасындағы сауда-саттықты арттыруға ықпал етеді. Сол арқылы кедендік баждың бағасын төмендету, жүргізушілерге берілетін рұқсат қағаздарын электрондық форматқа көшіру және цифрлық жүйелерді интеграциялауға баса назар аударылады.
Шокиржон Рахматов, Түркі мемлекеттері ұйымының жобалық директоры:
- Альянс мақсаттарының бірі – кедендік рәсімдерді цифрландыру. Қазір көптеген халықаралық көлік-логистикалық құрылымға тән мәселе – ол тек мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықпен шектеліп қалу ғана болып отыр. Бұл жерде жобаларға жеке секторды тарту назардан тыс қалып жатады. Сондықтан осы мәселелерді ескере отырып, біз аталған альянсты құрып отырмыз. Ол логистика саласындағы мемлекеттік органдарымен қоса, жеке секторды да байланыстыратын көпір болмақ.