Қ.Тоқаев Қазақстан-Қытай арасындағы бірлескен жұмыстың бес бағытын атап көрсетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Синьхуа ақпараттық агенттігіне берген сұхбатына қайта оралсақ. Бұл сұхбатта Президент Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы мен достығының жан-жақты дамуына қатысты кең ауқымды пікір білдірген болатын, деп хабарлайды 24kz.

Диктор:

- Қазір Бейжіңнен тілшіміз Руслан Бақытбекұлы тікелей байланыста. Руслан, қытайлық сарапшылар бұл мақаланы талқылап жатыр ма, пікірлері қандай?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Президент сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасында қалыптасқан достық, әріптестік, ынтымақтастық туралы нақты әрі дәлелмен келтіріп көрсеткен. Кейінгі жылы екіжақты жоғары деңгейде маңызды шешімдер қабылданды.

Оған визасыз режимнің қалыптасуы, үшінші теміржол өткелінің құрылысы, мәдени орталықтардың салынуы, Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жариялануының өзі көп нәрсені аңғартады.

Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның сауда және инвестициялық негізгі әріптесі. 30 жылдан астам уақыт ішінде қазақ-қытай арасындағы тауар айналымы 100 есе өсті. 2023 жылы оның көлемі 41 миллиард долларға жетті. Бұл – тарихи көрсеткіш. Қазір көрші ел Қазақстан экономикасына қаржы құюшы шетелдік инвесторлар арасында ірі төртікке кіреді. Өткен жылы елімізге 2 млрд доллар тікелей инвестиция салынған. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,4%-ке артық. Мақалада Президент алдағы екі ел арасындағы бірлескен жұмыстың 5 бағытын атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Инвестициялық саладағы ынтымақтастықты тереңдету. Ауыл шаруашылығы, жаңа энергетика, машина жасау сынды салаларға ерекше назар аударған жөн. Сонымен қатар индустрияландыру мен қосылған құны жоғары өнім өндірісіне де жұмылу қажет. Сауда құрылымын әртараптандыру мен тауарлар атауларын арттыруды қоса алғанда елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттыру. Заманауи құралдарды, оның ішінде электронды коммерция мен электронды сауда алаңдарын пайдалану керек.

Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы білім беру жүйесінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған прагматикалық көзқарасқа ерекше қызығушылықты атап өтті. Сондай-ақ ол қытай тіліне қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлемдегі және Қытайдың өзіндегі де тез өзгеріп жатқан тенденцияларды ескере отырып, мен тілдік дағдыларымды сақтау үшін, сондай-ақ Қытайдың саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы соңғы тенденциялардан хабардар болу үшін үнемі қытай тілінде кітаптар оқимын.

Президент сұхбатында Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысы, дәрежесі мен маңыздылығына ерекше тоқталған. Биыл Қазақстан ШЫҰ төрағалық ету аясында жасалған жұмыстарға тоқталып кетті. Соның аясында қауіпсіздік, сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайту, экология және елдер арасындағы достастықты нығайта түсуге күш салынатын айтты. Төрағалық аясында 150-ден астам халықаралық деңгейдегі ірі іс-шаралар өткізілді. Ең маңыздысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммиті екенін атап өтті. Президент ШЫҰ әрі қарай дамытып, жұмысын жетілдіре түсу бағытында стратегиялық шешімдер қабылданатынын айтты.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Синьхуа – Қытайдың ең ірі әрі орталық ақпарат көзі. Қазір мен сол ақпарат агенттігінің алдында тұрмын. Бұл БАҚ құралы тек Қытайда ғана емес, халықаралық деңгейде онға жуық тілде жаңалық таратады. Негізі 1931 жылы қаланған. Қытайда 30-дан астам, ал шет елдерде 170-тей бөлімі жұмыс істейді. Құрамында 10 мың тілші қызмет атқарады. Біздің Президентің мақаласын миллиондаған оқырман оқып, танысты деп сенімді айтуға болады.