Сарапшы: ШЫҰ – Еуразиялық ұйым
Астана бүгіннен бастап мәртебелі меймандарды күте бастайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының төрағасы біздің елге мемлекеттік сапармен келеді. Си Цзиньпин ертең басталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне де қатысады.
Ертеңгі саммитке жалпы 16 елдің басшылары мен өкілдері келеді. Биыл осы ұйымның төрағалығын атқарған Қазақ елінің еселі еңбегі, олардың одан әрі де іске асуы, алдағы мәселелер осы алқалы жиында қаралады.
Қазақ елі әлем назарында. Ертең ШЫҰ саммиті басталады. Алқалы жиынның күн тәртібінде жаһан жұртының әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайын жақсарту үшін 20-дан аса құжат қаралады. Қатысушылардың да қарасы қалың. Ұйымға мүше 9 мемлекеттен бөлек, бықылаушы, серіктес елдер болады. БҰҰ секілді халықаралық тараптар да саммит жұмысына атсалысады. Жалпы Шанхай бірлестігінің көкжиегі күн санап кеңейіп келеді.
Ерлан Ахмеди, саяси сарапшы
- Көп жағдайда ШЫҰ азиялық ұйым ретінде қабылдайды. Бұл дұрыс емес пікір деп айтуға болады. Өйткені бұл ұйымға сонымен қатар Еуропа мемлекеттері қосылуда. Айталық Беларусь қосылатын болады. Яғни, еуразиялық ұйым деуге негіз бар.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
- Алдағы уақытта бұл мемлекеттердің мүдделеріне жауап беретін болса, адамзаттың мүдделеріне жауап беретін болса, өзінің эффективтілігін көрсететін болса, ұйымға мүше мемлекеттердің қатары да өсуі мүмкін. Яғни, ол – қалыпты процес.
Биыл ұйымға Қазақстан жетекшілік етті. Жыл бедерінде байырқалы бастамалар көп. Мәселен, 2024 жыл Экология жылы болып жарияланды. 100-ден аса ірілі ұсақты іс-шаралар өткізілді. Алдағы саммитте қаралатын құжаттар да қазақ елінің қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Бауыржан Серікбаев, саясаттанушы:
- Қазақстан төраға болған кезде экологиялық мәселені шешу, ауызсу тапшылығы мәселесін шешу бастамаларын көтерді Қазақстан. Киберқауіпсіздік, мемлекеттік тұтастық салалары секілді осы бағыттағы бастамаларды көтерді, сәтті іске асырды. Мысалы, Алматы қаласының осы ұйымның туризм мәдени орталығы ретінде бекітілуі – елімізге туристтер тартуға әсер етті.
Келесі төрағалық кезегі Қытайға өтеді. Сөйтіп ұйым айналасындағы айтуылы оқиғалар көрші елде жалғасын табады. Яғни Қытай Қазақстан бастамаларын одан әрі дамытады. Сарапшылар осылай дейді.
Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Диханбаев, 24.KZ