Өзбек сарапшылары еліміздің ШЫҰ-ға жетекшілігін жоғары бағалады
«Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне серпіліс жасады. Кейінгі 1 жыл оның жұмысына жетекшілік ету арқылы даму бағдарын айқындады».
Өзбекстандық саясаттанушы, ұлттық ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров телеарнамызға берген сұхбатында осылай деді.
Сарапшы Қазақстанның халықаралық ұйымдарға төрағалық ету тәжірибесі мол екенін атап өтті. Астанада өтетін саммитте бірнеше маңызды құжат қабылданып, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бастамалар іске асады деген сенім бар дейді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстанның сарапшылар қауымдастығы Шанхай тоғыздығының Астанадағы саммитіне дайындық пен оған Қазақстанның кейінгі бір жылдан бергі төрағалығы кезінде атқарылған істерден хабардар.
Онысын түрлі кездесу алаңдарында атап өтіп жүр. Сондай белгілі саясаттанушылардың бірі - Равшан Назаров. Ол еліміздің халықаралық ұйымдарға төрағалық ету тәжірибесі мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби тұрғыда дипломат саналатыны айрықша сезілгенін алға тартты.
Қазақстан бұған дейін Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы секілді құрылымдарға жетекшілік еткен. Биыл Шанхай бірлестігінің мүшелері де сол міндетті сеніп тапсырған. Нәтижесінде біздің мемлекет ұйымның қызмет бағытын нақтылауға ықпал етіп отыр. Бастапқыда негізгі бағдар аймақтық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталса, қазір әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастыққа ойысып келеді.
Сарапшы ұйымға мүше елдердің әлеуеті мол екенін ескере отырып, сол мүмкіндікті бірлесе дамуға пайдалану керектігін ұсынды.
Равшан Назаров, саясаттанушы, Өзбекстан ұлттық ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері:
- Қазақстан ұйымның белді мүшесі ретінде оның дамуына және қызмет бағытын нақтылауға үлкен үлес қосты. Бұл орайда мемлекет басшыларының ішінде тек Қасым-Жомарт Тоқаев қана кәсіби дипломат саналады. Сондықтан осы бағыттағы Қазақстанның тәжірибесі төрағалық ету кезінде айрықша сезілді, қызметіне серпіліс жасады. Жер шарының жарты халқы ұйымға мүше елдердің үлесінде. Бұл – ынтымақтастықты арттыруға үлкен мүмкіндік. Астанада өтетін саммитте қабылданатын маңызды құжаттарда осы ерекшелік ескеріледі деп сенеміз. Мемлекет басшылары кеңесінде ынтымақтастықтың бағдары ретінде әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларға басымдық беруі ықтимал.
Равшан Назаровтың сөзінше, өңір елдерінің Шанхай тоғыздығына қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бұл ретте, ол осыдан 2 жыл бұрын ұйымға Иран Ислам Республикасының қосылғанын атап өтті. Соңғысы бірлестік беделін арттыра түскен. Сол үдеріс қатарға қосылуы мүмкін басқа да мемлекеттер арқылы жалғасуға тиіс.
- Рауан жаңа бір сөзіңізде өзбекстандық саясаттанушылардың Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясындағы бастамалардан хабардар екенін айтқан едіңіз. Көршіміз жалпы бұл интеграциялық құрылымнан не күтеді және онымен қаншалықты тығыз байланыста жұмыс істейді?
- Өзбекстанның 2 жыл бұрын осы ұйымға төрағалық еткенін бұған дейін де атап өткен едік. Сол кезеңде ала шапанды ағайын мемлекеттің қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына ықпал ететін келісімдер жасасқан. Қазір де сол істерді ілгерілетіп келеді. Одан бөлек, Ташкентте Шанхай тоғыздығының лаңкестікке қарсы өңірлік құрылымы бар.
Ол тұтас Орталық Азияға төнуі мүмкін қауіп-қатерлерді болдырмау жолында жұмыс істейді. Тағы бір айта кететін жайт, таяуда ғана Өзбекстан астанасында Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдеріне ортақ банк құру идеясы талқыланған еді. Бастама «Орталық Азия – Шанхай ынтымақтастығы ұйымы» сарапшыларының форумында қаралып, маңызды пікірлер жинақталған. Өзбекстандық сарапшылардың айтуынша, бұл ұсыныс қолдау тапса, шанхай тоғыздығының экономикалық тұрғыдағы жобаларының барынша тиімді жүзеге асуына ықпал етпек.
Рауан Мыңбаев, 24.KZ, Өзбекстан