ШЫҰ. Түркия мүше болуы мүмкін бе? LIVE

Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған да келеді.

Бауырлас мемлекеттің президенті халықаралық мәселелерге байланысты өзге ел басшыларымен жеке кездесуді жоспарлап отыр.

Түркия баспасөзі Астанадағы саммиттің маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазір бізбен тікелей байланысқа әріптесім Меруерт Қанағат Түркиядан байланысқа шығып тұр. Қайырлы күн, Меруерт. Түркияның баспасөз құралдары Саммит жайлы қандай ақпарат таратып жатыр?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысатынын ресми растады.

Саммитке санаулы күн қалғанда түрік БАҚ беттері халықаралық келіссөздер жайында жарыса жазып жатыр. Мәселен, ЮРТ ХАБЕР басылымы «Ыстамбұлдан Астанаға дипломатиялық сапар» деген тақырыппен берді.

Елдің «Айдынлык» атты газеті «Астанада ШЫҰ саммиті өтеді» деп, күн тәртібінде талқыланатын мәселелер жөнінде тоқталды. Халықаралық мәселелерді шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі деген арнайы тақырыпты жан-жақты көрсеткен.

Анадолы ақпарат агенттігі «Астана Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне дайын» деп жазды.

Түркия сыртқы істер министрінің сөзінше, Ердоған саммит аясында өзге ел басшыларымен кездесуді жоспарланған. Жалпы Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымының 14 диалог серіктесінің бірі. Диалог бойынша серіктестік, Түркия мен ШЫҰ арасындағы әртүрлі мәселелер, әсіресе аймақтық қауіпсіздік, терроризммен күрес, есірткі бизнесі мен ұйымдасқан қылмыстың алдын алу, сондай-ақ экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Самарқанда өткен саммитте Ердоған Түркияның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болғысы келетінін мәлімдеген болатын. Түркия президентінің Астана сапарында мәселе талқыланып, нақты шешім қабылданып қалуы мүмкін деген болжам бар.

Меруерт Қанағат, 24.KZ, Түркия