ШЫҰ саммиті: Шетел баспасөзіне шолу

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Астана саммитінің уақыты жақындаған сайын оның дүбірі де жиілей бастады.

Әлемдік БАҚ өкілдері қазақ жерінде өтетін ауқымды іс-шараның маңызы жайлы жарыса жазып жатыр.

Түркия

Түркия баспасөзіндегі басты тақырыптың бірі – Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті.

Бауырлас елдің сыртқы істер министрі Хабертүрік телеарнасына берген сұхбат барысында аталған іс-шараның мән-маңызына тоқталып, оның аясында Ресей мен Түркия елдерінің президенттері екіжақты кездесу өткізуі мүмкін екенін жеткізді.

Түрік сарапшыларының айтуынша, Астана саммиті алаңында мемлекет басшылары энергетика саласындағы ынтымақтастық, бидай келісімі мен Аккую атом электр станциясын іске қосу жайын талқылайды.

Қытай

Қытайлық Global Times басылымы да алдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне арналған көлемді мақала жариялады.

Мақала ауқымды жиынның негізгі мақсаты мен күн тәртібінде тұрған мәселелеріне арналған. Автор түйіні тарқамаған түйткілдерді ұжымдық іс-әрекет арқылы шешуге ынталандыратын саммит деген баға берді.

Онда Қытай басшысының саммитке қатысуы Орталық Азиямен арадағы ынтымақтастықты қаншалықты тереңдете түсетіні сарапталды. Әсіресе аймақтық интеграцияның дамуына сүбелі үлес қосуы мүмкін логистикалық дәліздер құрылысы айтылады.

Өз кезегінде CHINA DAILY Басылымның сарапшысы – Қытай Халық университеті мен Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің ресейлік зерттеулер орталығының директоры Гуань Сюэлин Астанадағы саммит ұйымның әлемдік аренадағы мәртебесі мен ықпалының артып жатқандығын көрсетеді деген пікірде. Оның айтуынша, саммит барысында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы сөз болып, Жаһандық Оңтүстікпен өзара тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударылады.

Үндістан

Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Үндістанның маңдайалды басылымы «Экономик таймстың» да назарынан тыс қалған жоқ.

Ауқымды мақалада ұйымның әлемдік қауіпсіздік пен экономиканың дамуына қосып отырған үлесі туралы айтылып, Үнді елінің осы бірлестіктің мүшесі ретіндегі мүддесі сарапталады. Автор әсіресе терроризм, сепаратизм және экстремизммен күрес мәселелеріне ерекше тоқталады.