Қазақ-қытай байланысының көкжиегі кеңи береді. LIVE

Қазір бүкіл әлемнің назары Астанада. Әсіресе Қытай көшбасшысының Қазақстанға сапары қызу талқыланып жатыр.

Жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқан екі ел қарым-қатынасы одан әрі тереңдей түспек. Бір-біріне басты сауда-экономикалық серіктеске айналған қос мемлекет басшыларының кездесуінде қандай мән бар? Бұл бас қосу жайлы қытайлықтар қандай пікірде?

Байқағанымыздай, екі ел арасында саяси мәселелер дамып, қарқын алып жатыр. Ал жалпы қытай тұрғындарының қазақ еліне қызығушылықтары қандай? Мәселен туризм саласында.

ШЫҰ-ның Астана саммиті қытайда ерекше қызу талқыланып жатыр. Халықаралық іс-шара туралы Қытайдың мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдарының бірінші беттерінде жариялануда. Мәселен менің қолымдағы Қытайдың Халық газеті. Жаңа ғана жол бойында тұрған дүңгіршектердің бірінен сатып алдым. Мұнда Шанхай саммиті ынтымақтастың жаңа белесі деген ауқымды мақала жарық көрген.

Мұнда Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары, оның мән-мағынасы қазақ-қытай ынтымақтастығы мен қарым-қатынасының келешегіне қатысты ауқымды мақала жарияланған. Бұдан бөлек, ақпараттық агенттіктер, орталық телеарналары жарыса таратып жатыр.

Айта кету керек, қазақ-қытай арасында дипломатиялық байланыс орнағалы 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы байланысты нығайту мақсатында талай құжатқа қол қойылды. Жыл сайын бұл ынтымақтастық тереңдеп, қазір екі ел экономикалық тұрғыда бір-бірінің басты серіктесіне айналды. 1992 жылдан бастап сауда айналымы 368 миллион доллардан бастап 41 млрд долларға дейін өсті. Еліміздің алдында осы тауар айналымын

2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізу межесі тұр. Кейінгі бірнеше жылда екі ел арасында экспорт пен импорт, барыс-келіс, жалпы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс тарихи көрсеткіштерге жетіп отыр. Бұған қатысты қытайлық сарапшылардың пікірін таңдайық.

Бян Иенг Зу, Қытайдың халықаралық экономикалық сарапшысы:

- Төраға Си Цзиньпиннің Қазақстанға бірнеше күнге сапарлауы әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаев екеуінің арасындағы достық байланысты айқындайды. Екі ел басшысының жиі кездесуі – Астана мен Бейжің қарым-қатынасының маңыздылығын көрсетеді. Қытайдың Қазақстандағы мүдделері айқын.

Әсіресе экономикалық ынтымақтастық жағынан бір-біріне басты серіктес. Қытай үшін ауыл шаруашылығы өнімдері ғана емес, өздерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шикізат көздері де маңызды. Ресурстарға қолжетімділік жағынан мұнай-газ, түрлі минералдар қызықтырады. Түптеп келгенде, мұның бәрін жүзеге асыруда елдің саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігі қажет. Ал Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылықты қолдауда шешуші рөл атқарып келеді. ШЫҰ аясындағы екі ел қарым-қатынасының басты тетіктері де осында жатыр.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ саммиті алдында жеке келуі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін және жаңа экономикалық келісімдердің болуы мүмкін екенін аңғартады.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин ешқандай мемлекетте 3 күнге тоқтап, сапарламаған. Бұл көрші ел көшбасшысының біздің президентпен қарым-қатынасы, елімізге ерекше көзқарасы және жалпы қытай болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыратынын көрсетіп тұр.

Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауарды Қытайға экспорттай алады. Қазақстанда ең аз инвестиция келетін ауыл шарушылығы саласының өзі 2022 жылы Қытаймен 780 миллион доллардан аса сауда жасасқан.

ҚХР төрағасы берген сұхбатында Қазақстан ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасына ерекше тоқталған. Өнімдерді жеткізу, кедендік рәсімдерді жеделдету туралы атап өткен. Сонымен қатар қытайлықтардың дастарханында Қазақстанның сапасы жоғары экологиялық тұрғыдан таза өнімдері барған сайын көбейіп бара жатқандығы туралы жазады.

Шын мәнінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына бүкіл әлем көз тігіп отыр. Бүгінде Астана саммитінде қаралатын құжаттар тізімі бекітілген. 3-4 шілдеде ұйымға мүше мемлекеттер көшбасшыларының қарауына шығарылатыны сөзсіз. Жалпы Қытай төрағасының сапары кезінде бірлескен ірі жобалар жайы айтылып, бірнеше келісімдер жасалуы ықтимал.

Руслан Бақытбекұлы, 24.KZ, Қытай